МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында ауқымды сенбілік өткізілді

2 жарым мың тонна қоқыс шығарылып, 300 түп ағаш отырғызылды. Соның 200-і – қалалық саябақта. Бұл – өткен сенбіліктің қорытындысы. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты.

Әдетте сенбі күні, таңертең қалалық саябақта тым-тырыс. Жүгіріп, дене шынықтырумен айналысып жүргендерден өзге мұнда ешкімді байқай алмайсың. Ал бұл жолы барлығы өзгеше. Ығы-жығы кісі, техника қаптап жүр. Мемлекеттік қызметшілер, спортшылар, жастар, тіпті қолдарына тырнауыш ұстаған ардагерлер де осында. Олардың мақсаты бір – ол аумақты қоқыстан тазарту. Жасы 70-тен асса да Мүкәрам Шәкімов сенбіліктерге үнемі қатысып тұрады. Қария тазалық шараларын әркім өзінен бастауы керек деп есептейді. Сондықтан, жастарға үлгі болу үшін аға буын өкілдері бір адамдай жұмылып еңбектенуде.

Мүкәрам Шәкімов – Агроөнеркәсіп кешені ардагерлері ұйымының төрағасы:

– Қоқыс парктің іші. Қыстан қалған жапырақтар бар. Соның барлығын өткен жолы жинағанбыз. Бүгін қарасақ көк шығып жатыр. Бүгін де ардагерлер осында келдік. Күш-қуатымыз барда көмектесіп, жастарға үлгі болып саябақты тазарту қажет. Шын көңілімізбен келіп жатырмыз.

Тырнауышпен саябақ аумағын тазартып жүргендердің қатарында облыс әкімі Құмар Ақсақалов та бар. Жалпы, бұл күні сенбілікке қала бойынша 600 ұжым қатысты. 12 мың адам 110 мың шаршы метр аумақтан 2500 тонна қоқыс шығарыпты. Тағы, шаһарымызда 300 түп жасыл желек отырғызылды. Соның 200-і осы саябақта. Негізінен, ол – шырша, қайың және долана ағаштары. Өңір жетекшісі де мұндай шарадан қалыс қалмады. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта мектеп бітіруші түлектерден облыс орталығын көгалдандыру жұмыстары бойынша ұсыныстар түссе, қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Облыста абаттандыру және санитарлық тазалаудың 3 айлығы жарияланды. Осының арқасында спорт, балалар алаңдарын тазартуға болады. Бірге жұмыс істеп, абаттандыру жұмыстарын көптеп жүргізуге болады. Қаламызда биыл 800 түлек мектеп бітіреді. Әрқайсысы бір тал отырғызса ол үлкен көмек болар еді. Сондықтан, олардан осындай ұсыныс түссе қолдауға дайынбыз.

Кейін сенбілікке қатысқан жастар мен ардагерлер ұрандатып, барша петропавлдықтарды тазалық шараларына белсене қатысуға шақырды.

Шынымен де, бұл – біздің ортақ жеріміз. Оны таза ұстау әркімнің қолынан келеді. Сондықтан, сенбіліктерден қалыс қалмай, қаланы бірге көркейту керек дейді жастар.

– Бүгін біз ағаш отырғызып, саябақты қоқыстан тазартып жатырмыз. Өзіміз осында жиі келеміз. Сол себепті, саябақтың таза болғандығын қалаймын.

 – Сенбілікке бүгін достарыммен келдім. Қаланы тазартуға барлығы атсалысу қажет деп ойлаймын.

Магжан Ахмадина