Мәдениет

Қазақ сазды-драма театры – бас жүлде иегері

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының труппасы Ақтөбе қаласында өткен халықаралық фестивальден бас жүлдемен оралды. М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” атты прозасының желісі бойынша сахналанған қойылым қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Туынды “Эксперимент” аталымында үздік деп танылған.

«Шолпанның күнәсі». Қойылым режиссері Баатырбек Шамбетов Мағжан Жұмабаевтың аталған туындысын дәлме-дәл, бір сөзін өзгертпей-ақ сахналаған. Яғни, спектакль пьеса емес, прозаның желісі бойынша қойылыпты. Бұндай экспериментті халықаралық фестивальде театр сыншылары жоғары бағалаған. Ақтөбе қаласындағы 5 мемлекет өкілдері қатысқан байқауда жергілікті өнер ұжымы суырылып шығып, бас жүлдені иеленіпті.

Аида Супатаева С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Реті бойынша 7-ші болып өнер көрсеттік. Көрермендер спектакльді жоғары бағалады. Жинақы, ұтымды шыққан қойылым деді. Декорация, костюм жағынан да, режиссер мен суретшінің жұмысы да, музыкалық әрлеу мен актер шеберлігі – барлығы дөп келді деп айтты.

Спектакльді көргенде, кітапты оқығандай боласың. Кейін, өзіңе ой түйіп, қорытынды жасайсың. Қойылым көрермендерді ғана емес, актерлердің өзін де таң қалдырды дейді Шолпанның рөлін сомдаған Жадыра Бектембаева. Нәзікжанды туындыны жұртшылық назарына ұсынған актерлердің екінші құрамында болыпты.

Жадыра Бектембаева – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

– Бұны актерлер режиссермен бірлесіп, дайындап шығарды. Біз, екінші құрам, дайын асқа келдік десек те болады. Соған қарамастан, өте қиын болды. Осыған дейін ойнаған актерлердің линиясына кіру мен үшін қиын болды.

Бұнымен жергілікті театралдардың тәжірибелері аяқталған жоқ. Алдағы уақытта өнер ұжымы теріскейлік көрерменге саунд-драма жанрындағы “Жан дауысы” атты қойылымды ұсынбақ. Спектакльді сахналау үшін театр труппасы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен 15 күндік арнайы оқуға да барып келіпті.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Қазақстанда біз осы жандры дамытқымыз келеді. Бұл Мәскеуден қайталау емес, бұл бір жағынан өзіміздің қазақи саунд-драма жанрын жасағымыз келеді. “Жан дауысы” спектаклін табиғат арқылы көрсетеміз. Кейіпкерлердің барлығы – табиғат: жер, су, тас, ағаш, өзен.

Туынды Семей полигонында жасалған сынақ зардабы туралы баяндайды. Сондықтан, алғашқы премьерасы да дәл сол жерде көрсетілген. Қазақстанның Шығысында қойылған спектакльге келгендердің қарасы қалың болыпты. Жергілікті өнер ошағы туындыны елордалық көрермен назарына да ұсынған. Атап өту қажет, “Жан дауысы” спектакліне қазақ сазды-драма театрының барлық актерлері атсалысады. Нәтижесін теріскейліктер сәуірдің 30-ы сағат кешкі 7-де көре алады.

Эльмира Садвокасова