Балалар

“Томирис” сән театры Мәскеуден күміс жүлдемен оралды

Биыл Петропавлдық «Томирис» балалар сән театры Мәскеуде өткен «Золотая игла» ұлттық байқауының жеңімпазы атанды. Олар сайыстан 2- күміс алқаны иеленіп қайтты.

Бәйтерек, Ханшатыр және Пирамида. Бұл – “Томирис” сән театры жастарының “Нұр-Сұлтан” атты топтамасы. Нақ осы костюмдер Мәскеуде өткен «Золотая игла» байқауының «Сәулет және сән» номинациясында үздік деп танылып, күміс жүлдеге лайық болған.

Виктория Кривошеева – «Томирис» балалар сән театрының мүшесі:

– Біз жыл сайын жаңа топтамаларды ойлап табамыз. Сол сияқты бұл киімдерді де өз қолымызбен тіктік. Оларды дайындау өте қиынға соқты. Өйткені, бір костюмнің өзіне бірнеше ай жұмсадық. Дегенмен, нәтижеге көңіліміз толды. Еңбегіміз бағаланды.

«Томирис» сән театры Мәскеудің «Золотая игла» ұлттық байқауына 2002 жылдан бері қатысып келеді. Биылғы сайыс 3 номинация бойынша өткізіліпті. Жерлестеріміз солардың екеуінен жүлделі орындар алған. Жалпы, ресейлік 50 ұжым қатысқан конкурста Қазақстаннан тек “Томирис” сән театры ғана қатысыпты.

Наталья Белхороева – «Томирис» балалар сән театрының жетекшісі:

– Биылғы топтамаларды дайындауға көп күш жұмсадық. Сайысқа дейін дайындап үлгермей қаламыз ба деп те ойладық. Өйткені, киімдерді тақырыпқа сай етіп тігу – өте күрделі жұмыс.

19 жылдық тарихы бар «Томирис» сән театрына келетін қыздар ән, би, тігіншілік, дизайнерлік пен қатар, қолөнер бұйымдарын жасауды да үйренеді. Қазір мұнда 50-ге жуық нәзікжанды тәлім алып жүр.

 

 

 

Маржан Қасымбек