Білім

Педагогикалық әулеттер мен жас мамандардың аймақтық форумы

21-ші ғасыр дағдыларын қалыптастыру – қазіргі заманғы білім берудің негізгі тренді. Бүгін осындай атаумен “Өрлеу” орталығының жергілікті филиалында педагогикалық әулеттер мен жас мамандардың аймақтық форумы өтті.

“21-ші ғасыр дағдыларын қалыптастыру – қазіргі заманғы білім берудің негізгі тренді” атты аймақтық форум 2 бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы сырттай өткізіліпті. Онда еліміздің 5 облысы мен ресейлік ардагер ұстаздар және жас мамандар өздерінің өмір жолдарын, жұмыстарын видеоға түсіріп жолдаған екен. Жіберілген еңбектердің саны 50-ді құрайды. Енді бүгін жиынның келесі кезеңі ұйымдастырылып отыр.

Айсұлу Мейрамова – «Өрлеу» БАҰО» АҚФ СҚО бойынша ПҚБАИ зертхана меңгерушісі:

– Педагогикалық әулеттер мен жас мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, талқылау жүргізеді. Форумға басқа аймақтардың да ұстаздары онлайн режимде қатысады. Қатысушылардың жалпы саны 75 адамды құрайды.

2-ші кезең жоспардағыдай өткізіліп жатыр. Мұнда педагогикалық әулет өкілдері мен жастар жағы тәжірибе бөлісті. Бұл ретте алдыңғы буын өкілдерінің айтары көп, әрине. Олар жиын барысында арттарынан еріп, ұстаздық қызметті таңдаған жандарға негізгі қағидаларды баяндай кетті.

Жандарбек Қуандықов – Қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Білім инемен құдық қазғандай. Әрдайым Мағжан атамыз айтқандай, біз жастарға сенеміз. Жастар осы үлкен кәсіпті жалғастырады деген ойдамын. Біздің жастар көп еңбектену керек. Іздену керек. Сонымен еліміздің жастары білімді, білекті болады.

Жастар жағы да аянып қалмады. Олар қазіргі заман талабына сай білім беру жайында әңгімелеп, білген-түйгендерімен бөлісті. Және ұстаздық қызметтің мәртебесін одан әрі арттыруға сенім білдірді. Оны жүзеге асыру үшін білікті мамандардың ақыл-кеңесі қажет болары сөзсіз.

Аңсат Жайлаубай – Преснов орта мектебінің математика пәні мұғалімі, Жамбыл ауданы:

– Алдыңғы буын ұстаздары жас мамандарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, керемет жиын өтуде. Мұның пайдасы зор. Айтылған ақыл-кеңестерді болашақта өмірде, жұмыста қолданамыз.

Айта кетейік, аймақтық форум мұнымен аяқталмайды. Мамыр айының ортасына дейін жолданған бейнероликтер қаралмақ. Кейін, үздік жұмыстар анықталып, жүлдегерлер марапатталады.

Култанов Байболат