Қайырымдылық

“Харекет” қоры Петропавлда қайырымдылық концертін өткізді

Кеше қалалық мәдениет үйінде “Харекет” қоры теріскейдегі 4-ші қайырымдылық концертін өткізді. Игі шара барысында өңірге белгілі әртістер өнер көрсетіп, аукцион ұйымдастырылды. Жиналған қаражат жағдайы төмен жанұялардың қажеттіліктеріне жұмсалмақ.

Қыз-келіншектің көзін қуантатын шағын жәрмеңке бұл. Оң жағыңда үндінің “михенди”-ін салдыра аласың, сол жағыңда түрлі әшекей бұйымдарды сатып ауға болады. Олардың бәрін Гүләзира Шакей өз қолымен жасаған.

Гүләзира Шакей – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Моншақтан және жіптен жасалынған білезіктер, басқа тағатын таңғыш және де сырғалар істедім. Жұрттар алады, осындай заттарға қызығады. Панасыз, үйсіз жүрген кісілерге үй алып беруге менің аз да болса үлесім болсын деп.

Ал бұл шақта залда “Харекет” қорының концерті бастау алды. Қайырымдылық ұйымы шамамен 1,5 жыл жұмыс істейді. Ол көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға баспана сыйлауды мақсат етеді. Бұл үшін халықтан қаражат жинайды. “Харекет” белсенділерінің сөзінше жұмыла көтерген жүк жеңіл. Егер әрбір қаракөз қандасымыз қалтасынан шамалы ақшадан шығарса, баршасы қосыла келе біршама жанұяның жағдайын түзетуге болады.

Бақдәулет Сапархан – “Харекет” қайырымдылық қорының СҚО бойынша өкілі:

– Республика бойынша 89 отбасының шаңырағына шаттық сыйладық. Қазіргі таңда, біздің СҚО бойынша 4 отбасыға біз баспана кілтін табыстадық. Ақшаны бізге халық салады. Терминалдар бойынша қаржы салуға болады. Бәрі ыңғайлы етіп жасалған.

Сахнада – “Қуанамын” би ансамблінің балапандары. Балақайлардың тәтті қимылдары ешкімді бейжай қалдырмады. Бұдан өзге жұртшылық алдына дәстүрлі ән орындаушы Біржан Есжан, актер Марат Ғайнуллин, көпке таныс жерлес шығармашыл тұлғалар шықты. Концертте олар тегін ән салды, бишілер тегін би биледі. Бұл мұқтаж жанұяларға жасалатын қолдауға өнерімізбен қосқан үлесіміз дейді өнерпаздар.

Бәйімбет Құбайдолла – облыстық филармонияның күйшісі:

– Әлихан Бөкейханов атамыздың сөзі бар: “Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын!”-деген. Менің ойым, әр қазақ Қазақстанның гүлденуі үшін қолынан келгенше әртүрлі іс-әрекеттер істеп, осындай игі істерге ат салысуы керек.

Ендігі кезек аукционда. Оған боксшы Жанат Жақияновтың қолтаңбасы қойылған қолғабы шығарылды. Бастапқы баға – 10 мың теңге. Қызу саудада әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Сымайылова жеңді. Қолғапты ол 20 мың теңгеге сатып алды.

Күлімкөз Смайылова – әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

– Еліміздегі мұқтаж жандарға қол ұшымызды беріп жатсақ, ешқандай бала ешқашан жыламай, өз төсегінде жатып, өз шаңырағында бақытты ғұмыр кешсе, соған аз ғана көмегіміз болып жатса, әрбір адам рухани да баиды, өзінің адамгершілік қасиетін көрсетеді. Жанат Жақияновтың қолғабын қолымда ұстағаным – мен үшін бір мақтаныш. Ұлдарыма да үлкен естелік болады деген ойдамын. Қазақстан елінің әрбір азаматы “Кімге көмек керек екен?”-деп мұқият қарап жүргені дұрыс сияқты.

Тағы бір лот – “Құлагер” хоккей клубының бомбардирі 24-ші нөмірлі Дмитрий Исмагиловтың формасы. Ол 12 мыңға сатылып кетті. Негізі концертке кіру құны мың мен 2 мың теңгенің арасында болды. Ал аукционнан жиналған қаражатты қосқанда шамамен 400 мың теңге жиналды. Концерттің атауы – “Армандар орындалады”. Бұл қаржы көмекке мұқтаж отбасылардың армандарын орындауға мүмкіндік бермек.

 

Саят Ермек