Аптадағы маңызды жаңалықтар

Чернобыль апатына – 33 жыл!

Бүгін Чернобыль апатының орын алғанына 33 жыл. Бұл жарылыс адамзат баласына орасан залал келтірді. Оның зардабын жоюға мыңдаған адам қатысқаны мәлім. Араларында солтүстікқазақстандықтар да бар. Осының салдарынан көбі қаза тапты.

Чернобыль. Украина. Мұндағы атом электр станциясы 77-ші жылы салынып, қолданысқа берілген еді. Бұл кезде ол КСРО аумағындағы ең ірі әрі қуатты станция болатын. Ал 86-шы жылдан бері – үрей тудыратын мекен. Себебі, осыдан тура 33 жыл бұрын сағат түнгі 1 жарымда мұнда жойқын апат орын алды.

4-ші энергетикалық блокта реактор жарылды, ауаға улы радиоактивті заттар тарады. Кей мәліметтер бойынша, радиацияның әсерінен апаттың бірінші күнінде-ақ 40-тан астам адам қаза тапқан. Кейінгі 7 күнде тағы сонша жан құрбан болды деседі. Радиусы 300 шақырымды құрайтын аумақ алдағы 400 жылға тіршілікке жарамсыз болып қалған. Сондықтан болар, бұл жарылыс 20-ғасырдағы ең ірі техногендік апаты саналады. Сол апаттың салдарын жоюға 1 жыл ішінде 600 мың адам қатысқан екен. 3 мыңға жуығы – біздің жерлестеріміз. Өз өмірін тәуекелге тіккендердің бірі – Қуандық Тюлегенов.

Қуандық Тюлегенов – Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушы:

– 1985-87 жылдары Украинадағы Чернобыль қаласында әскерде болдым. Темір жол полкінде борышымды өтедім. 86-шы жылдың сәуірінде Чернобыль жарылғанда мен 2 оқу ротасы құрамында сол жаққа 300 шақырымдық зонаға бардым. Жұмыс істедік, темір жол салдық, жинастырдық. 86-ның тамызынан бастап, ақпанға дейін жарты жыл сонда болдық.

Қуандық ағаның сөзінше, қауіпті аймаққа бірге аттанған әскердегі жора-жолдастарының көбі 40-қа жетпей бақилық болған. Бұл – радиацияның әсері. Өзімнің де денсаулығым көңіл көншітпейді дейді ол.

Қуандық Тюлегенов – Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушы:

– Қан қысымым тұрақсыз, бас ауырады, жүрек қысады. Радиацияның тигенінен аяқ-қолдарымның буындары, бел ауырады. Бір жігітті білемін, 2 жылдан соң, 89-шы жылы қайтты.

Жап-жас жігіттер жарылыстың салдарынан ұрпақтарымыз жапа шекпесін деп Украинаға аттанды. Бұл – нағыз ерлік. Себебі, апаттың салдарын жоюға қатысқан манағы 3 мың жерлесіміздің қазір 400-ге жуығы ғана тірі екен. Өмірі қиылғандарды жыл сайын еске алып тұрады петропавлдықтар. Биыл да сол баяғы ескерткіш алдын қалампырмен көмкерді.

Ал көзі тірілерін мемлекет қамқорлығына алған. Айына бір рет бұл жандарға жәрдемақы, жылына бір рет шипажайлар мен курорттарға жолдама беріліп тұрады. Қоғамдық көлікте қатынау да, медициналық тексерістен өту де олар үшін тегін.

 

Саят Ермек