Спорт

Жас боксшыларымыз жарады

Жерлестеріміз жүлделі оралды. Сәуірдің 17-і мен 21-і күндері аралығында Павлодар қаласында жасөспірімдер арасында бокстан солтүстік аймақтың чемпионаты өтті. Жарысқа 29 теріскейлік спортшы қатысқан. Додада олардың 4-уі – бірінші, ал 2-уі үшінші орын иеленді.

Шапшандық, шабуыл мен қорғану, жойқын әрі дәл соққылар – бұл былғары қолғап шеберлеріне қойылатын басты талаптар. Әр спортшының айла-тәсілдерді қолдануда өзіндік бір ерекшелігі болады.
Илья Олейников – білікті, болашағынан зор үміт күттіретін жас боксшылардың бірі. Солақайлығын да ұтымды пайдаланады екен. Өйткені, қарсыласына күтпеген жерден соққы жасайды.

Илья Олейников, К.Сафин атындағы бокс мектебінің тәрбиеленушісі:

– Бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Күніне 2 реттен жаттығу өткіздік. Еңбектің зая кетпегеніне қуаныштымын. Енді алда республикалық жарыс бар. Оған да әзірлікті бастадық.

Спортшыларды физикалық тұрғыда ғана емес моральды түрде дайындап, қолдау көрсететін жаттықтырушылардың атқаратын рөлі аса маңызды. Виктор Беспятов Ильядан өзге тағы 30-дан астам жас боксшыны баптайды.

Виктор Беспятов, К.Сафин атындағы бокс мектебінің жаттықтырушысы:

– Илья Олейников Павлодарда өткен чемпионатта үш кездесу өткізді. Алғашында қостанайлық спортшымен жұдырықтасып, оны 3 те 0 есебімен жеңді. Екінші қарсыласын бірден 1-раундта тізе бүктірді. Соңғысы – қарағандылықпен өткен кездесу қиынға түскенімен, төрешілер 1-ші орынды бізге берді.

Бокстан республикалық турнир мамыр айының 17-сі Атбасар қаласында өтеді. Бұл байрақты бәсекеге әр аймақтан мықтылар қатыспақ. Үздік атанған спортшы ел намысын Азия чемпионатында қорғайды.

Ақтолқын Солтанханқызы