МТРА жаңалықтары

Президент сайлауына 44 күн қалды

Бүгін облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратында қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің форумы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар алдағы Президент сайлауын әңгімеледі. Яғни, жиналғандар саяси дода қашан өтетіндігін, онда кімдердің бақ сынай алатындығын талқылады.

9-шы маусымда елімізде тағы да бір тарихи оқиға орын алады. Бұл күні Президент сайлауы өтіп, қазақстандықтар ел тізгінін ұстайтын жанды анықтамақ. Ал ол саяси додада кім бақ сынай алады? Оны форумды ашқан “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбақша Мұсабаева айтып берді.

Гүлбақша Мұсабаева – “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:

– Конституцияның 41-ші бабы бойынша ҚР Президенті Қазақстанда туған, тұрған, 40 жастан асқан мемлекеттік тілді жақсы меңгерген, өзінің жоғары білімі бар, ең аз дегенде 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген адам Президент бола алады.

Қазіргі күні Президент сайлауына қатысатын 2 үміткердің есімі белгілі. Олар “Нұр Отан” және “Ақжол” партияларының атынан ұсынылып отыр. Бұл кандидаттарды солтүстікқазақстандықтар біледі. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы таниды.

Иманғали Тәттібаев – қалалық ардагерлер кеңесі төрайымының орынбасары:

Қасым-Жомарт Тоқаевты министр болып жүрген кезінен танимын. Одан кейін Сенатты басқарды. Тағы, Женевада қызмет етті. Өте білімді адам.

Қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің форумында бірнеше спикер сөз алды. Олардың дені Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын әңгімеледі, ілкімді істерін жіпке тізді. Және барлығы бірдей сайланатын мемлекет басшысы Елбасыдай еңбек етсе деген тілектерін білдірді. Оған қоса жиналған жұртшылықты 9-шы маусымда өтетін саяси додаға бір кісідей қатысуға шақырды.

Култанов Байболат