МТРА жаңалықтары

Петропавлда екі зират сенімді басқаруға берілді

Петропавлда Жұмысшы кентіндегі екі зират жергілікті серіктестікке сенімді басқаруға берілді. Осылайша, мойнына жауапкершілік алған компания өз қаражатына / марқұмдар жерленген аумақтың тазалығын қадағалап, күтім жасауы тиіс. Өйткені, бұған дейін бұл зираттардың жаға ұстатарлық жағдайына қалалықтар көп шағымданған болатын.

Бұл – Петропавл шетіндегі ескі христиандық зират. Мұндағы қабірлердің көптігі сонша, санына жете алмайсың. Бақилық болғандардың тәндері жерленген мекеннің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Молалар жүйесіз, қалай болса солай орналасқан, зираттың іші толған күл-қоқыс. Бұзақылық та жетерлік мұнда. Арамзалар қиратып, тіпті суреттерін сырлап тастаған тамдарды көп кездестіруге болады. Тиісті бақылаудың болмауы салдарынан мұндағы санитарлық жағдай мүшкіл.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Негізі, санитарлық нормаларға сәйкес, егер зират 65-70 пайызға толған болса, оны консервациялау керек. Яғни, мұнда адам жерлеуге болмайды деген сөз. Қабірлер ескі христиандық бейіттің 95 процентін алып жатыр. 2009 жылдан бері Қазақстанда зираттарды күту мен о дүниелік болғандарды жерлеу ережелері жоқ. Облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен қағидалар әзірленіп, желтоқсан айында бекітілді. Көп кешікпей күшіне енеді.

Ескі зиратпен көршілес жерде жаңасы орналасқан. Қазірдің өзінде бейітте 130 мыңдай адам жерленген екен. Мұндағы көрініс мүлде басқаша. Қақпа алдында күзетші тұр, аумақ тап-тұйнақтай таза, молалардың орналасуында да жүйе бар. Өйткені, зират осыдан шамамен екі ай бұрын жергілікті серіктестіктердің біріне сенімді басқаруға берілген. Компания өз қаражатына бейітке күтім жасайды.

Ирина Скоробогатова, “Петро-Спецобслуживание” ЖШС директорының орынбасары:

– Біздің компания осымен 20-шы жыл жерлеу қызметтерін көрсетумен айналысады. Наурыздың 4-інен бастап 2 аумақты біз бес жылға сенімді басқаруға алдық. Қазірдің өзінде бұл жерден 18 тонна, яғни 60 көлік қоқыс шығардық. Мұның бәрі адамдардың ісі ғой. Қазір бейіт аумағы бейнекамералармен жабдықталған. Мұнда тек арнайы рұқсат қағазы арқылы ғана кіруге болады, жер қойнына тапсырылған әрбір мәйіт тіркеледі. Қысқаша айтқанда өз қаражатымыз бен күшімізді жұмсап, тәртіп орнатудамыз.

Мұнда да бәрі таза әрі жинақы. Бұл – қалалық мұсылмандар зираты. Оны да “Петро-Спецобслуживание” өз бақылауына алған. Ал бұзақылар мен ұрылар қабірлерді қорламасын деп аумақта тәулік бойы күзетші кезекшілік құрады. Алайда, мәйіт шығаруға арналған мына шағын ғимарат ағымдағы жөндеуді қажет етіп тұрғалы қаншама. Компания өкілдері қолы ашық мұсылман меценаттар көмектессе жақсы болар еді дейді. Зираттарды осылай сенімді басқаруға беру жағдайды түзетуі тиіс. Өйткені, бұған дейін христиан бейітіндегі бассыздықтың белең алғаны соншалық, гүлдестелерді ұрлау фактілері көбейген. Ал жерлеу қызметтерін көрсететін кейбір бизнесмендер мемлекет тегін беріп отырған орын үшін 240 мың теңге сұраған. Жаға ұстатары, ескі қабірлердегі сүйектерді қазып алып, лақтырып жіберіп, орнына жаңа мәйітті жерлеу жәйттері де орын алған. Сондықтан, шаһар әкімдігі биылғы жылы бұл мәселені қатаң бақылауға алып, қорымдардың жағдайына жіті назар аудармақшы.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Мамырдың 4-5 күндері зираттарға апаратын жолдарды грейдермен тегістеуді жоспарлап отырмыз. Новопавловкадағы жерлеу орнының да жағдайы мүшкіл. Онда алдағы демалыстарда сенбілік ұйымдастырылады. Бірақ, бұл зиратты да консервациялау керек.

Айта кеткен жөн, бүгінде ел бойынша тек Ақтөбе және Қостанай қалаларының зираттары жерлеу қызметімен айналысатын кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілген. Петропавл – бұл тәжірибені қолданып жатқан үшінші қала.

Саят Ермек