Балалар

Облыстық ғылыми жобалар байқауы өтті

Психология және әлеуметтік педагогика. Петропавлда аталған салаларға қатысты ғылыми жобалар байқауы өтті. Білім сайысына оқушылар қатысты. Олар белгілі бір тақырып аясында ұзақ уақыт бойы зерттеу жүргізген. Талапты өрендер жұмыстарының нәтижесін бүгін қазылар алқасына ұсынды.

«Мен және менің мектебім», «Мен және қоғам», «Мен және менің таңдауым».Сайысқа ұсынылған жобалардың тақырыптары сан алуан. Ең бастысы, ол оқушылардың өздері үшін өте қызықты. Мәселе төңірегінде талмай еңбектеніп, қажетті зерттеу жұмысын жүргізген. Олардың ұстанымдары да әр түрлі. Мәселен, бірі адам қоғамда көшбасшылық қабілеттерін таныта білу керек деген ойда. Енді бірі оқушылар сабақтан тыс уақытта көбірек қайырымдылықпен айналысқаны жөн дейді. Бұл турасында Қожаберген жырау атындағы 6-шы орта мектебінің шәкірттері тұрғындар арасында сауалнама, сұхбат жүргізіп, игі істер ұйымдастырған.

Бұл білім сайысына қатысу үшін оқушылар 3 ай көлемінде дайындалған екен.

Жанар Тулегенова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы: 

–  Қоғамның сана-сезімін өзгерту үшін, жаңа қоғамды қалыптастыру үшін оқушылардың рухани құндылықтарын тәрбиелеу керек. Осы жоба арқылы оқушылардың асыл қасиеттерін насихаттаймыз.

Сымбат Қажығали, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Осы жобаны таңдаған себебіміз, біздің мектебіміз қайрымдылық акцияларына жиі өткізеді. Осындай акцияларды басқа да мектептерге таныстырып, үлгі еткіміз келеді.

Ғылыми жобалар сайысы өңірімізде жыл сайын өткізіледі. Оған қатысушылар саны да артып келе жатқан көрінеді.

Жазира Баукенова, Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының аға әдіскері:

– Биылғы жылы 70 ғылыми жоба ұсынамыз. Олардың ішінде 10 – командалық, 60 – жеке жоба.

Облыстық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталады.

Ақтолқын Солтанханқызы