Қоғам

8-ші бағыттағы автобус жүру аралығын сақтамайды

Жұмысшы кентінің тұрғындары қоғамдық көліктің қатынауына разы емес. Нақтырақ айтсақ, 8-ші бағыттағы автобустың жүру уақытына олардың көңілдері толмайды. Жұртшылық дәл осы қоғамдық көлікті ұзақ күтеді екен.

Жұмысшы кентіне 8-ші маршрут қатынайды. Міне, дәл осы қоғамдық көліктің қозғалысына шеткері аудан тұрғындарының көңілі толмай отыр. Айтуларынша, олар автобусты 30-40 минут күтеді екен. Әсіресе, мұндай қиындық таңертең және кешкі уақытта қайталанатын көрінеді. Бізге бұл мәселені осы жақтың халқы телефон арқылы жеткізді. Мән-жайды көзбен көріп, халықпен тілдесу үшін оқиға орнына бардық. Аялдамада тұрған адамдар мұндай проблеманың барын айты. Бірақ, сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, жауапты өкілдермен кездесіп, жағдайды білдік.

Галина Семенова – «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Шынымен де қазіргі күні 8-ші маршруттың қозғалысына қатысты мәселе бар. Бұл қоғамдық көлік кестеден ауытқып және бекітілген аралықты сақтамай жатады. Мұның бірінші себебі жүргізушілердің тапшылығына қатысты болып тұр. Бүгінде кәсіпкерлерде автобустар болғанымен, машинаны басқаратын адамдар тапшы. Қазір ешкім көлік тізгініне отырғысы келмейді.

Сондықтан да күн сайын жолға 13 автобустың 9-ы ғана шығады екен. Тіпті, кей кезде 7 көлік тұрғындарды тасымалдауға мәжбүр. Тағы, Галина Семенова автобустардың жиі қирап қалатындығын айтады. Осының салдарынан 8-ші маршрут интервалды сақтамайтын көрінеді.

Байболат  Култанов