Қоғам

Тұрғындар жылу желілеріне қосылады

Бүгінде облыс орталығындағы көптеген жер үйлердің тұрғындары колонналардан су алып, ғимараттарды көмір және отынмен жылытып отыр. Дегенмен, “Петропавл жылу желілері” ЖШС мамандарының сөзінше алдағы уақытта шеткері аудандардағы баспаналар жылу желілеріне қосылмақ.

Жер үйлер секторының тұрғындары баспаналарын негізінен ағаш отын және көмірмен жылытады. Әлбетте, олар пештерін кәдімгі темір батареяларға ауыстырғысы келетіні түсінікті. Бірақ, барлығының бірдей бұндай мүмкіндігі жоқ. Ескі жылу желілерінің қуаттылығы төмен. Сол себепті, қалада 5 жылу магистралінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Андрей Калиничев – «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:

– Бұл орталықтандырылған жылу жүйесіне жаңадан қосылушылардың алдындағы шектеулерді алып тастауға, қызмет сапасын арттыруға және жылуды бұрын мұндай игілік болмаған шағын аудандарға жеткізуге мүмкіндік берді. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта Жас Өркен, «Береке-1» және «Береке-2» аумақтарында да жүргізетін боламыз. Бұл мақсатта біз Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінен қарыз алдық, сондай-ақ ел үкіметінен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында субсидияға қол жеткіздік. Тартылған қаржының көлемі 10 млрд теңгеге жуықтайды.

Мамандардың айтуынша жаңа құбырлардың сапасы жоғары әрі қызмет ету мерзімі де айтарлықтай ұзақ. Бастысы, оның қуаттылығы мықты әрі тұтынушыларды барынша көп қамтуға мүмкіндік береді.

Әсет Қалиев – кәсіпкер:

– Былтыр өз кәсіпорныма жылу құбырын тартуды сұрағанда қуаттылықтың аздығынан энергетиктер бас тартқан болатын. Биыл тағы да өтініш жазып көріп едім. Бұйымтайым орындалды. Техникалық шарттар туралы құжатымды алдым, жобасы жасалынды, қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.

«Петропавл жылу желілері» серіктестігі тарапынан 80 кәсіпкерге техникалық шарттар туралы құжат беріліпті. Сондай-ақ, жылыту жүйесіне қосылғандардың ішінде 12 бюджеттік мекеме мен 120-дан астам жер үй бар.