Білім

Студенттер өз идеяларымен бөлісті

М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінде “Жаңа идеялар аумағы” атты бірінші облыстық TED-конференция өтті. Жастар жылына арналған шараға өңіріміздің орта арнайы білім беру мекемелерінде оқитын 50-ден аса белсенді студент қатысты. Олар кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітіп, өз ойларымен бөлісті.

Бүгін өңіріміздің техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын студенттер арасында тұңғыш рет TED-конференция өткізіліп отыр. Бұл шараның өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда белсенді жастардың таратуға лайықты, батыл, креативті және бірегей идеялары тыңдалады.

Самал Кожакенова – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің оқытушысы:

– TED-конференцияда қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, жаңа идеялар енгізеді. Сол идеяларды болашақта қолдану үшін олар бүгін бар ынтасын салып, дәлелдеп, қызықты қылып әділ-қазылар алқасына ұсынуы тиіс. Бұл конференцияға елуден аса баяндама түсті. Соның 18-і қазақ секциясында тындалады.

Осы 18-дің ішінде Сымбат Мыңжанова мен Елизавета Забелоның да жұмысы бар. М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенттері жиналғандарға аударма ісінде кететін қателіктер жайын әңгімелеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, олар орыс сөздерін, сөйлемдерін қазақшаға тура тәржімалаған кезде біраз олқылық орын алады дейді. Мұны жастар зерттепті. Мектептерде сауалнама жүргізіп, оқушылардан аударма жасауды сұраған екен. Сонда шәкірттердің 75 пайызы тапсырманы дұрыс орындамапты. Тағы, қыздар жарнамаларда да қателіктерді байқаған.

Сымбат Мыңжанова – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

– Мысалы, жарнамаларда “Меняем старое на новое” деген сөйлем тура аударылып, “Кәріні жаңаға алмастырамыз” деп жазылып тұр. Бұл дұрыс емес. Бұның алдын алу үшін әрбір міндетті түрде мамандарға жүгіну қажет.

Ал Виктория Регер – Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің студенті. Болашақ мебике жастар арасындағы артериалдық гипертензи́яның алдын алуды 3 жылдан бері зерттеп жүр екен. Бүгін өзінің білген-түйгенін жиналғандарға жеткізіп жатыр.

Виктория Регер – Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің студенті:

– Артериалдық гипертензи́я әр жыл сайын жасарып келе жатыр. Мен осының алдын алу үшін колледж студенттері арасында зерттеу жүргіздім. Олардың медициналық кітапшаларын қарадым, денсаулықтарын тексердім. Нәтижесінде жастарды 3 топқа бөлдім. Бірінші ұжымға көп тынығу қажеттігін айттым. Келесілері шығыс медицинасы арқылы емделуге жіберілді.

Шара соңында үздік идея авторлары анықталып, дипломдарға ие болды. Ал қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Байболат Бектемірұлы