МТРА жаңалықтары

Әскери психологтардың оқу-әдістемелік жиындары өтті

Петропавлда “Орталық” өңірлік қолбасшылығының әскери психологтарының оқу-әдістемелік жиындары өтті. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарының әскери бөлімдерінен келген мамандар бізде біліктіліктерін арттыруда.

Әскери психологтарға жүктелген міндет маңызды. Олар бөлімшедегі офицерлер мен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіттердің эмоционалдық жағдайларын бақылап әрі жақсартулары тиіс. Сондай-ақ, олар әскерилердің іштерінде тынған сырларын және шағымдарын тыңдап, жеке құраммен жиі әңгімелесіп, түрлі тренингтер өткізіп тұрулары шарт. Бұл шараларды қалай дұрыс ұйымдастыру керек? Жұмыста қандай жаңа құрылғылар мен әдіс-тәсілдерді қолданған абзал? Психологтар осыны үйренуде. Мәселен, бөлімшедегі эмоционалдық жағдайды жақсарту тәсілдерінің бірі – би-қозғалыс терапиясы. Бұл қарапайым, бірақ өте маңызды терапия. Себебі, түрлі қимыл-қозғалыстардың көмегімен жұмыс барысында жиналған күйзелісті сыртқа шығарып, бір жеңілдеп қалуға болады.

Азамат Макин, ҚР ҰҰ 6697 әскери бөлімінің психологы, Қостанай қаласы:

– Сарбаздармен жұмыс жасау өте қиын деп айтуға болады. Кей сарбаздар толық отбасынан шықпауы мүмкін, қандай да бір қиын жағдайларда өмір сүруі мүмкін. Соған байланысты, балалардың психологиялары әр түрлі болады. Әр адамның өзіндік проблемалары бар. Оларды шешу мақсатында психологтар дер кезінде көмек беріп, олармен жұмыс жасаймыз. Оларға бөлінген психологтың сағаты бар. Оларға психологиялық дем беріп, өздерінің ішкі дүниелерін жаңартып, қойылған тапсырмаларды дұрыс орындау үшін көңіл күйлерін көтереміз.

Саят Ермек