Ауыл шаруашылығы

Бидайдың жаңа сұрпы шығарылды

Қуаңшылыққа төзімді, дән маңызы жоғары, шығымдылығы көңілге қонымды! Жақында солтүстікқазақстандық мамандар ресейлік әріптестерімен бірлесіп бидайдың жаңа сұрпын шығарды. Оны әзірлеуге 16 млн теңгедей ақша бөлініп, 10 жылдай уақыт кетіпті. Бір қызығы, әзір болған дәнді дақыл түрі белгілі теріскейлік селекционер Ольга Семеновна Гаастың құрметіне аталады.

Ольга Гаас – ауыл шаруашылығының ардагері. Ол агроөнеркәсіп кешенінде бақандай 57 жыл қызмет етті. Осы уақыт аралығында 7 бірдей бидайдың жаңа сұрпын шығаруға атсалысқан.

Ольга Гаас – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми консультанты:

–  Жұмысты бастаған жылдары бидайдың 2 сұрпын шығардық. Атап айтсам, “Лютесценс 35” пен “Ишимская 100” қолданысқа ұсынылды. Сонымен қатар, басқа да өңірлердің мамандарымен тығыз қарым-қатыста болдық. Соның нәтижесінде дәнді дақылдардың жаңа түрін алдық. Тағы, өзге аймақтарда дайындалған сұрыптарды өзімізде сынап, егумен де айналыстық.

Жерлесіміздің еңбек демалысына шыққанына талай жылдың жүзі өтіпті. Бірақ, нәзікжанды сүйікті ісінен қол үзген емес. Азаматша бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми консультанты болып табылады. Жастарға ақылын айтады, білген-түйгенімен бөліседі. Мұндай қоян-қолтық жұмыстың арқасында жақында бидайдың тағы бір сұрпы дүниеге келді. Ол тәжірибелі селекционер Ольга Семеновнаның құрметіне аталады.

Ольга Гаас – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми консультанты:

–  Жаңа сұрып “Семеновна” деп аталатындығын білген жоқпын. Оған осындай атауды әріптестерім берді. Бұған, әрине қуаныштымын. Көпжылдық еңбегім бағаланып жатыр. Жалпы, бұл дәнді дақылды алуға 10 жылдай уақыт кетті. Дән “Орал-Сібір” мен “Омская 38” сұрыптарын селекциялау нәитижесінде пайда болды. Ол Солтүстік Қазақтан облысының табиғи жағдайларына сай келеді.

Шынымен де жаңа бидай сұрпы солтүстіктің климатына сай келеді. Біріншіден, ол қуаңшылыққа төзімді. Екіншіден, тез піседі. Осының арқасында дәнді көктемгі салқынға тигізбей егіп, күзгі жауынға жетпізбей жинап алуға болады. Әрі өнімнің шығымдылық деңгейі де жоғары.

Дәурен Шақанов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Жаңа сұрып орташа ерте пісетін бидай тобына кіреді. Ол ауруларға, татқа төзімді. Жауын-шашынның аздығына қарамастан жетіле береді. Балауызының мөлшері – 28, ал нәруызыныкі 15 пайызды құрады. Бұл жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Әрі дәннің өзі ірі. Соның көмегімен болашақта сапалы астық алуға болады. Жалпы, бидайдың “Семеновна” атты сұрпын шығаруға 16 млн теңгедей ақша жұмсалды.

Айта кетейік, бидайдың бұл түрі мемлекеттік сараптама жасауға жіберіліпті. Ол 3 жыл көлемінде өңіріміздің 6 ауданында сыналатын болады. Яғни, мамандар 400 мың гектар жерге дәл осы тұқымды сіңіріп, зерттеу жасайды. Егер де “Семеновна” сұрпы сенімді ақтап, көңілден 100 пайыз шықса, дихандарға ұсынылатын болады.

Байболат Бектемірұлы