Мәдениет

Түркияда Cocuk Bairami аталып өтілуде

Бүгін Түркияда қос мереке – Тәуелсіздік және Балаларды қорғау күні аталып өтілуде. Бұл күні бауырлас елде өскелең ұрпаққа көп көңіл бөлінеді екен. Себебі, ұлттық ерекшеліктерінің бірі балаларға деген шексіз махаббат болып табылады. Осы орайда Қызылжардағы “Түрік мәдениеті” ұйымының өкілдері жергілікті жеткіншектерге арнап мерекелік шара өткізді.

Түркияда тәуелсіздікпен тұспа-тұс келетін балалар мейрамын атап өту тұңғыш президенттері Мұстафа Кемал Ататүріктен қалған. Дәстүр бойынша бұл күні жоғары лауазымды тұлғалар өскелең ұрпаққа құрмет көрсетіп, санаулы минуттарға болса да оларға креслоларын босатып береді екен. Осы мейрамға байланысты Петропавлдағы жергілікті «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшелері теріскейлік оқушыларға арнап шағын жиын өткізді.

Дурсун бей Танрикұлы, «Түрік мәдениеті» ҚБ төрағасы:

– Бүгін Түркияда Балаларды қорғау күні аталып өтілуде. Осыған байланысты мен “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің атынан барша қазақстандық бүлдіршіндерді осы бір түркиялық жарқын мерекемен құттықтап, бақытты өмір тілегім келеді.

Бүгінгі шара барысында балалар төрге отырғызылып, аз уақытқа болса да өздерін қоғамдық бірлестік төрағасы сынды лауазым иегері ретінде сезінді. Сонымен қатар, жеткіншектер түрік мемлекетінің мәдениетімен танысып қана қоймай, біраз сөздер үйреніп, өз қолдарымен қағаздан қызғалдақ гүлін жасады.

Ақлима Есенова, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

– Бүгін мен Түрік мемлекетінің балалар қорғау күні екенін білдім және де мәдениетімен танысып, тілін үйренуге тырыстым.

Бүгінде облыс орталығындағы “Түрік мәдениеті” ұйымына 40-қа жуық адам мүшелік етеді.

Ақтолқын Солтанханқызы