Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтар сайлауға қатысатын кандидатты ұсынды

Күннің бірінші жартысында елордада “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс 19-шы съезі өтті. Алқалы жиында бас партия атынан Президент сайлауына қатысатын үміткердің есімі белгілі болды. Ол – қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның кандидатурасын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

“Тәжірибелі саясаткер” және “сенімді серігім”. “Nur Otan”-ның 19-шы бас қосуында Нұрұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы осылай деді.

Нұрсұлтан Назарбаев – “Nur Otan” партиясының Төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті:

– Он один из тех, кто вместе со мной начинал строить внешнюю политику РК, многие годы руководя МИД. Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Тоқаевтың тікелей қатысуымен 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын өркендетуге жол ашылды. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін.

Ұсынылған кандидатураны партиялықтар, яғни съезд делегаттары бірауыздан қолдады. Себебі, сыртқы саясат пен дипломатия саласындағы мол тәжірибесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға көптеп инвестиция тартуда көмектеседі дейді нұротандықтар. Мұнымен қоса, партия мүшелерінің сөзінше, ол Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл көлемінде ұстанып келген саясатты жалғастыра алады.

Бақытжан Сәмиева – СҚО Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Ол өте салмақты, сөзінде тұратын азамат. Біздің Елбасымыз жақсы кандидатураны ұсынып отыр деп ойлаймыз.

Саят Ермек – тілші:

– Қасым-Жомарт Тоқаев – “Nur Otan” сайлауға ұсынған жалғыз кандидат. Әрине, өзге партиялар мен ұйымдардан суырылып шыққан ел ағалары болмайды емес, болады. Сайлауалды науқан елімізде мамырдың 11-і бастау алмақ. Ал жаңа Президентті қазақстандықтар маусымның 9-ы сайлайды. Осы орайда, жерлес қоғам белсенділері азаматтарды өз таңдауларын жасауға шақыруда.

Данияр Уәлиев – қалалық мәслихат депутаты:

– Біз дұрыс шешім қабылдап, дауысымызды беру арқылы Қазақстанның болашағын айқындаймыз. Қазақстан әлем деңгейінде жоғары деңгейде деп айтуға болады. Осы бағытты ұстап, одан да жоғарылау үшін дұрыс шешім қабылдау қажет. Баршаңызды сайлауға шақырамын.

Саят Ермек