Балалар

“Бала дауысы” сайысына кастинг өткізілді

Бүгін Петропавл қаласында “Бала дауысы” конкурсына кастинг өткізілді. Оған 8 бен 12 жас аралығындағы жас әншілер қатысты. Қазылар алқасы бір күн ішінде 100-ге жуық жеткіншекті тыңдап, соңында тек бір үміткерді таңдайды. Жеңімпаз Алматыда өтетін Республикалық додада облыс намысын қорғайды.

100-ге жуық жас дарын «Бала дауысы» кастингіне сақадай-сай. Көздерінен қобалжу көрініп тұрған қатысушылардың барлығы жеңістен үмітті. Дегенмен, бас жүлде тек біреуіне ғана бұйырады. Өңіріміздің таланттарын жинаған додаға музыкалық продюсер Фарида Ниязова мен әнші Әділжан Омаров төрешілік етеді.

Әділжан Омаров – “RinGо” тобының мүшесі:

– Сахнаға шыққанда қорқыныш болады, кейде әнін айта алмай қалады. Ол жағынан балаларды жақсы түсінем.

Қатысушылар сахнаға кезек-кезек шығып, өз өнерлерін паш етуде. Ең бірінші болып ән шырқап, қазылар алқасының назарын бірден өзіне аударған 11 жастағы Адина Қайырғали алған әсерімен бөлісті.

Адина Қайырғали -кастингке қатысушы:

– Мен қатты қобалжыдым, соңында барлығын ұмытып кеттім. Өйткені, маған анам бірінші болып өлең айтқанда уайымдаудың қажеті жоқ деп айтқан.

Қаламызда “Бала дауысы” байқауына кастинг осымен 4-рет өткізіліп жатыр. 2018 жылы ел бойынша өткен сайысқа жерлесіміз Амина Жапар да қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Жас әнші бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеу үшін келіпті.

Амина Жапар – әнші:

– Ешқашан берілмеңдер. Арманға қарай ұмтылыңдар. Мен осы байқауға 3 рет қатысып, тек соңғысында ғана жеңіске жеткенмін. Сондықтан, сіздерге айтарым, өздеріңізге сеніңіздер.

Кастинг барысында үздік ретінде тек бір үміткер ғана таңдалып алынады. Одан кейін ол 2 апта бойы вокал, хореография мен актерлік шеберлік сабақтарына тегін қатыса алады. Оған қоса авторлық өлеңіне бейнебаян түсіріп, танымал жұлдызбен дуэт болып ән шырқауына мүмкіндік жасалады.
Ондай мүмкіндік Петропавл қаласының жас әншісі Дана Басекеноваға берілді. Жерлесіміз қазан айында Алматы қаласында өтетін “Бала дауысы” республикалық байқауында облысымыздың намысын қорғайды.

Маржан Қасымбек