Ауыл шаруашылығы

Цифрлы технологиялардың мүмкіндіктері

Ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды көптеп енгізу. Бүгін осындай мақсатпен Петропавлда ерекше форматтағы іскерлік ойын өтті. “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жиынға 100-ден астам дихан қатысты. Олар шара барысында 6 құрамаға бөлініп, өзара пікір алмасты, білген-түйгендерімен бөлісті.

Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ауыл шаруашылығы саласында цифрлы технологияларды қолданады. Соның арқасында олар мол әрі сапалы өнім жинап жүр. Жақында бұл қатарға Қазақстан да қосылды. Бүгінгі күні республикадағы 20-дан астам фермаға инновация негіздері енгізіліпті. Нәтиже жаман емес. Жаңашылдықтардың көмегімен өнім шығымдылығы кем дегенде 2 есеге артып, шығын көлемі де әжептәуір қысқарған.

Жасұлан Шаяхметов – ҚР АШМ цифрландыру басқармасының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қондырғылардың саны өте көп. Оларды қолданудың шегі жоқ. Фермер құрылғыны пайдаланып, шаруашылықты 100 пайыз цифрландыра алады. Нәтижесінде кәсіпорында 4-5 адам ғана жұмыс істеуге болады.

Заман игіліктерін әрбір шаруа қолдануы қажет. Сондықтан, Қызылжар төрінде ерекше кездесу өткізіліп отыр. Бұл – әдеттегі жиын емес, іскерлік ойын. Мұнда солтүстікқазақстандық дихандар 6 командаға бөлінген. Олар сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылған шара барысында өзара пікір алмасады, мамандарға толғандырған сұрақтарын қояды.

Аида Муллашева – “Е-АӨК” іскерлік ойынының сарапшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Дәл осындай шараны бұған дейін Павлодар облысында өткіздік. Жиын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ұнады. Енді, Петропавлға келіп отырмыз. Мұндай басқосулардың пайдасы мол. Іскерлік ойын кезінде қарапайым шаруа цифрлы технологияларды тасымалдаушылар мен жаңашылдықтарды пайланатын әріптестерімен бет-бетпе кездеседі. Оларға сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алады.

Жиында саладағы қиындықтар да айтылды. Мысалы, Арман Абаилдин жетекшілік ететін “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” серіктестігіне интернеттің нашарлығы қиындық келтіріп отыр. Ғаламтор аясының тарлығынан мамандар алқаптағы жағдайды кеш біледі екен.

Арман Абаилдин – “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Шаруашылық иелігіндегі аумақтың барлық жерінде интернет ұстамайды. Салдарынан бізге цифрлы технологиялардан мәлімет кеш түседі. Осы мәселені шешуді қолға алдық. Биыл өз күшімізбен байланыс мұнарасын тұрғызбақпыз. Жалпы, біздің серіктестік заман игіліктерін 2013 жылдан пайдалана бастады. Қазір істің барлығы 100 пайыз автоматты түрде жүргізіледі.

Іскерлік ойын соңында белсенділік танытып, көзге түскен қатысушылар анықталды. Оларға жалпы құны 550 және 500 мың теңгені құрайтын сертификаттар табысталды. Бұл жүлдеге дихандар техника сатып алып, өздерінде цифрлы технологияларды енгізе алады.

Байболат  Култанов