Мәдениет

Петропавлда халықаралық “Глория” фестивалі өтті

Петропавлда халықаралық «Глория» авторлық әндер фестивалі өтті. Юрий мен Надежда Ткаченколарды еске алуға арналған байқау биыл 25-рет ұйымдастырылып отыр. Өнер додасына теріскейлік әншілерден өзге Ресейдің бірнеше қаласынан келген дарынды жастар қатысты.

Жыл сайын сәуір айында бастау алатын халықаралық «Глория» ән фестивалі қаламызда 25-рет ұйымдастырылып отыр. Оған қатысушылар саны биыл да артқан. Байқауда ең бірінші болып өнер көрсеткен – Тимофей Брызгалов. Ол әнінің ерекшелігімен көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті.

Тимофей Брызгалов – байқауға қатысушы, Екатеринбург қаласы, РФ:

– Мен бүгін өзім жазған «Дача» әнін орындадым. Онда ата-анаммен демалысқа барғым келмейтінін және әжеммен бірге саяжайда қалатыным жайлы айтылған. Осындай байқауға мен екінші рет қатысып отырмын. Наурыз айында алғаш рет үлкен сахнаға шығып, 3-ші орын алғанмын.

Юрий мен Надежда Ткаченколар атындағы халықаралық фестиваль қатысушыларына жас бойынша шектеу қойылып отырған жоқ. Мұнда кез келген орындаушы өзіне ұнаған немесе қаламынан туған шығармасын шырқап, бақ сынай алады.

Алексей Бойко – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мұндай конкурстарға жыл сайын қатысамын. Жалпы, ән айтқан маған ұнайды. Бүгін Фахртдиновтың «Мама» атты туындысын орындамақшымын. Бәрі ойдағыдай өтеді деп сенемін.

Ұйымдастырушылардың сөзінше мұндай байқаулар арқылы таланттарды анықтап қана қоймай, олардың орындау қабілетін дамытуға да ықпал етуге болады.

Аида Туртаева – “Союз-Автор” шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, Петропавл қаласы:

– Халықаралық «Глория» фестиваліне қатысушылар саны жыл сайын артуда. Яғни, жас орындаушылар қатары толығып жатыр. Алдағы уақытта «Союз-Автор» шығармашылық орталығының 30 жылдығын атап өтпекшіміз.

3 күн бойы жалғасатын «Глория» фестивалінің үздіктері 5 номинация бойынша анықталып, түрлі сыйлықтармен марапатталады.

Маржан Қасымбек