Қоғам

Католиктер Пасха мейрамын қарсы алды

Сенбіден жексенбіге қараған түні католик сеніміндегі христиандар Ұлы Пасха мейрамын қарсы алды. Петропавлда мереке “Қасиетті Троица” приходында ұлықталды.

«Қасиетті Троица» атты рим-католик приходында мерекеге бәрі дайын. Пасха мейрамы алдындағы сенбілік кеште діндарлар жаппай ғибадатханаға жиналып жатыр. Иисус Христостың қайта туылған күнін атап өтуге келгендердің бірі – Сергей Карпов. Ол мұнда тәнін, жаны мен жүрегін тазартып, жаман ойлардан арылып кіремін дейді.

Сергей Карпов, қала тұрғыны:

– Шіркеуде біз жаратқанмен рухани байланыс орнатып, жігерленеміз. Сондықтан, әр Пасха мерекесі сайын бәріміз осында жиналып, Құдайға құлшылық етеміз. Одан бар жақсылықты сұраймыз.

Жаратқанға тәуап ету рәсіміне қалалықтар өз жақындарымен келген. Олар Құдайдан денсаулық пен бақыт беруін тіледі.

– Жыл сайын келіп, мейрамды осы жерде қарсы аламыз. Кейін үйге барып, жақындарымызбен ас ішеміз. Бұл – біз үшін басты әрі маңызды діни мейрам.

–  Сенбі күні жұмыртқалардың сыртын әрлейміз, собалақ пісіреміз. Жексенбі де таң ата шіркеуге, мессаға келеміз. Мейрамды күнұзаққа атап өтеміз.

Костелға жиналған діндарлар бір-бірін құттықтап, бейбітшілік, жақсылық пен жарқын болашақ тілеуде. Шіркеу басшысының сөзінше, Пасха мейрамында бір апта бойы қайырымдылықпен айналысып, жақсы істер жасау қажет.

Томаш Якубчак, «Қасиетті Троица» рим-католик приходының жетекшісі:

– Барлық жұртшылықты осы нұр шашқан мейраммен құттықтаймын. Өмірге қайта келген Иисус сіздердің отбасыларыңыз бен жүректеріңізге жарық әкелсін. Өмірде қиын жағдайлар туындағанда, сіздерге көмекке келсін.

Жарық литургиясы – бұл мерекенің басты рәсімі. Шіркеу ғимаратының маңында дін қызметшілері от жақты. Себебі, бұл түнде алау жаңару белгісі болып табылады. Ал Томаш әкейдің қолындағы үлкен пасхалдық майшамнан өзге діндарлар өз шамдарын жағып, бірнеше сағат Құдайға құлшылық етті. Айта кеткен жөн, келесі жексенбі, сәуірдің 28-і күні Пасха мейрамын православ сеніміндегі христиандар атап өтеді.

Саят Ермек