МТРА жаңалықтары

Банктер несиелік есеп-шоттарды жүргізгені үшін комиссия алмаулары керек

Бүгінге дейін отандық банктер несие рәсімдеген қазақстандықтардан кредиттік есеп-шоттарды жүргізу үшін комиссия алып келген. Бұған заңмен салынған тыйымды кей қаржы институттары елемеген. Бірнеше жыл бойы отандастарымыздың ақшаларын сот арқылы қайтарып алу мүмкіндіктері болды. Алайда, наурыз айынан бастап тұрғындардың мұндай арыздарын фемида өкілдері қабылдамайтын болған.

2012 жылы қазақстандық банктерге несие беру мен оған қызмет көрсетуге арналған есеп-шоттарды жүргізу үшін азаматтардан комиссия ұстауға тыйым салынған болатын. Бірақ, бұл заңсыз операцияларды кей қаржы институттары тоқтатқан жоқ. Сондықтан, 2016 жылдан бері жұртшылық банктер заңсыз аударып алған ақшаны сот арқылы қайтара бастады. Осы уақыт аралығында Петропавлда мұндай 300 іс қаралып, тұрғындарға 40 млн теңге қайтарылған. Қала тұрғыны Елена Усванова 5 жылдай бұрын ол банктердің бірінен 2,5 млн теңгенің займын алып, көлік сатып алған. Алайда, келісім-шартқа қол қоя отырып, несиеге қызмет көрсету үшін комиссия төлеу қажеттігін азаматша білмепті.

Елена Усванова, арыз беруші:

– Артық төлеген заңсыз комиссия сомасын қайтарып алу үшін 18-ші жылы сот орындаушыларына жүгіндім. Ақпанның 26-сы сот істі біздің пайдамызға шешті. Осылайша, банк маған шамамен 138 мың теңге қайтарып берді.

Бірақ, көп азаматтар өздеріне тиесілі қаражаттарын қалталарына басып үлгермеген. Үстіміздегі жылдың 18-ші наурызынан бастап 5 отандық банк ай сайынғы комиссия алуды тоқтататындарын жариялады. Осыдан бастап соттар арыздарды қабылдамай қойған. Алайда, заң бойынша оларды қарастыру мерзімі әлі өтпеген екен. Бүгінге дейін теріскейліктерден түскен осындай 4 арызды соттар кері қайтарыпты.

Әлия Рамазанова, “Медиацияны дамыту орталығы” РҚБ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Наурыз айынан бастап соттар несиелік комиссияларды қайтару бойынша істерді қабылдауды тоқтатты. Мұндай ауызша тапсырманы Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров берген. Қазір бұл арыздар қайта қарала бастады, алайда соттар оларды мақұлдамай, қайтарып жіберіп жатыр. Неге екені белгісіз. Себебі, заңнамаларға ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.

Бірақ, өңірлік судья Наталья Шалаева өзгерістер болды дейді заңда. Жақында комиссияларды алу тәртібін реттейтін заңға түзетулер енгізіліпті. Сол себепті, сот тәжірибесі де өзгерген.

Наталья Шалаева, облыстық соттың судьясы:

– Үстіміздегі жылдың 4-ші наурызынан бастап банктерге несие беру мен оған қызмет көрсетуге арналған банктік есеп-шоттарды жүргізу үшін жеке тұлғалардан комиссия ұстауға тыйым салынды. Яғни, жеке тұлға кәсіпкерлкпен байланысы жоқ қандай да бір жұмыстар, тауарлар немесе қызметтерді несиеге алу бойынша банкпен келісім шартқа отырған болса, қаржы институты сол заемдық шотты жүргізу бойынша одан қосымша төлем ала алмайды.

Бірақ, заңгерлер арыздардың қарастырылмай жатқанына наразы. Сондықтан, мамандар ҚР Жоғарғы Сотына, Одан қалды Президент пен Премьер-Министрге хат жолдаған. Петицияға ел бойынша 300 адвокат қол қойыпты.

Саят Ермек