Спорт

Балалар арасында таэквандодан ашық чемпионат өтті

Қаламызда балалар арасында таэквандодан 8-ші ашық облыс чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірі мен Ресейден келген 200-ден аса спортшы қатысты. Татамиде өнер көрсеткен ұл-қыздардың бәсекесін әріптесім Ақтолқын Солтанханқызы тамашалап қайтты.

Қалалық кубок үшін жарыс таэквондодан осымен 8-ші рет өткізіліп отыр. Тартысты сайыста 6 мен 15 жас аралығындағы қатысушылар бақтары мен баптарын 5 санатқа бөлініп сынайды. Жалпы, бүгінгі чемпионатқа ел аймақтары мен Ресейден – барлығы 8 қаладан 200-ден аса спортшы келіп отыр.

Илья Хван, бас төрешінің орынбасары:

– Бүгінгі жарыстың басты мақсаты – өңірде таэквандоның деңгейін көтеру, яғни бұл спорт түрімен шұғылдануды жаңадан бастап отырған балақайлардың қызығушылығын арттыру. Осындай чемпионаттарға қатысу арқылы олар өз қатарластарымен тәжірибе алмасады, өздерін сынауға мүмкіндік алады.

Таеквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді. Әр кездесуге 2 раундтан беріледі. Бұл спорт түрімен көбінесе ер балалар айналысқанымен, қарағандылық бұрымды да қалыс қалар емес. Жанель Садуақасова – қара белбеу иегері. Таэквондомен айналысып жүргеніне 7 жыл болыпты. Түмендік қарсыласын жеңген жеткіншектің өз нәтижесіне көңілі толды.

Жанель Сәдуақасова, чемпионатқа қатысушы, Қарағанды қаласы:

– Менің мақсатым – әлем чемионатында өнер көрсетіп, үздік атану. Дайындық кезінде алған әр жарақатты алдыма қойылған межеге дұрыс келе жатқанымның айқын дәлелі деп білемін. Менің ойымша, әр спортшы өз еңбегінің жемісін ауқымы үлкен додаларда бақ сынап, жеңімпаз атанған кезде сезінеді.

Тартысты додада командалық есеп бойынша қола медальды Түмен қаласынан келген құрама иеленді. Күмісті теріскейлік спортшыларымыз қанжығасына байлады. Ал қарағандылық спортшылар алтыннан алқа тағынды.

Ақтолқын Солтанханқызы