Халық тарих толқынында

Солтүстікқазақстандықтар іздеу экспедициясына жол тартты

Жергілікті “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшелері Ұлы Новгород қаласына бет алды. Ол жақта солтүстікқазақстандықтар дәстүрлі іздеу экспедициясына қатыспақ.

Нақтырақ айтар болсақ, 7 адамнан құралған топ 2-ші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздардың сүйектерін, медальондары мен жеке заттарын іздейді. Теріскейліктер бұл шараға 27-ші мәрте қатысқалы отыр. Былтыр олар майдан даласынан 10 жауынгердің сүйегін тауыпты. Жалпы, Қазақстаннан бөлек, Ресей, Украина, Германия, Беларусь елдерінің өкілдері қатысатын экспедиция 3 аптаға жалғаспақ. Жерлестеріміз Петропавлға 9-шы мамырдан кейін оралады.

Александр Азегов – “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Бұл жолы бізбен бірге Братск және Крестетск қаласының адамдары болады. Ал 5 күннен соң қатарымызға ақтөбеліктер қосылмақ. Экспедицияда жауынгерлердің сүйектерінен бөлек, майдан даласында қалған қару-жарақ, басқа да заттарды іздейміз. Тапсақ өзіміздің музейге алып келеміз. Қазір мұражайымызда 2 мыңдай жәдігер бар.

Байболат Култанов