МТРА жаңалықтары

Белсенді студенттерге Викторенко атындағы шәкіртақы табысталды

Бүгін Петропавл кұрылыс-экономикалық колледжінің белсенді студенттеріне Викторенко атындағы шәкіртақы табысталды. Мұндай сыйға 12 жас ие болды.

Александр Викторенко – солтүстікқазақстандық ғарышкер. Кеңес Одағының Батыры алғаш 1987 жылы ғарышқа ұшқан болатын. Қазіргі таңда жерлесіміздің атында Петропавл құрылыс-экономикалық коледжінде шәкіртақы беріледі. Бұл үздік студенттерге жыл сайын табысталады. Бүгінгі кездесуге Александр Викторенконың денсаулығына байланысты келе алмапты.

Талғат Мұсабаев – «Қазғарыш» ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

–  Бүгінгі шараға досымның өтініші бойынша келіп отырмын. Өзі бүгінгі шараны телефон арқылы қараймын деп еді, онысы жүзеге аспай қалды. Дегенмен, біз оның өтінішін жерге тастамай, табысталған істі абыроймен атқарамыз деген үміттемін.

Жиынға келгендер Александр Викторенкомен өткен күндерін еске алып, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Атаулы шәкіртақы студенттерге осымен 17-ші жыл қатарынан беріліп келеді. Оған колледж өміріне белсене атсалысып қана қоймай, оқуда алда болған жастар ие болып жүр. Солардың бірі – Арайлым Смағұл. Өңірге “Серпін” бағдарламасы аясында келген бойжеткен есепші және экономика мамандығының 3-ші курсында оқиды.

Арайлым Смағұл, ПҚЭК студенті:

– Қазіргі Викторенко атындағы шәкіртақыны үздік оқығаным үшін және колледж өміріне белсене қатысқаным үшін алып отырмын.

Викторенко атындағы шәкіртақы барлығы 12 студентке табысталды. Сондай-ақ, бұл күні 8 ұстаз алғыс хатпен марапатталды.