МТРА жаңалықтары

Сайлауға теріскейліктер белсене ат салысулары қажет

Маусымның 9-ы елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Қазір қазақстандық партиялар мен қоғамдық ұйымдар өз кандидаттарын ұсынуда. Мамырдың 11-і олар халыққа таныстырылып, сайлауалды науқан бастау алады. Бұл ретте нұротандықтар мен облыстық мәслихат депутаттары теріскейліктерді мемлекет тізгінін ұстайтын тұлғаны бірге таңдауға шақыруда.

52 күн. Дәл осыншама уақыттан соң Қазақстанның тізгінін ұстап, елімізді жаңа жетістіктерге жетелейтін мемлекет басшысының аты белгілі болады. Қазіргі таңда әрбір саяси партия мен республикалық маңызы бар қоғамдық бірлестіктер президенттікке кандидаттарын ұсыну үстінде. Олардың есімдері әлі белгісіз. Сайлауалды науқанның қандай болатыны да беймәлім. Анығы бір – республиканың алдағы тағдыры азаматтарды қолында. Сондықтан, маусымның 9-ы өтетін шараға белсенді атсалысу қажет.

Кеңес Мұқышев – «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Кезектен тыс сайлау – еліміздегі тарихи оқиғалардың бірі. Әр қазақстандықтың дауысы өте маңызды. Сондықтан, ауқымды шараға тұрғындарды бейжай қарамай, керісінше өз Президентін таңдауға шақырудамыз.

Алдағы сайлау туралы сөз қозғалғанда, Тұңғыш Президенттің жетістіктерін атап өтпеске болмайды. Н.Назарбаев елімізді аяғына нық тұрғызып, есімін төрткүл дүниеге паш етті. Әрбір қазақстандыққа жеке ісін ашып, қалаған шаруасымен айналысу мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан да қолдау мығым. Александр Прядко – “Алекри” құс фабрикасының директоры. Кәсіпорын өз жұмысын осыдан 26 жыл бұрын бастады. Бүгінде жылына 150 млн жұмыртқа өндіріледі екен. Биыл аталған көлемді арттырмақ ниетте.

Александр Прядко – «Фирма Алекри» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Қазір қазақстандық жұмыртқаларды Ресей нарығына шығару үшін кедергі болып тұрған бірқатар мәселелер бар. Сайланатын жаңа мемлекет басшысы осы шаруаны біржақты етіп, арадағы сауда-саттықты нығайтса деген тілегіміз бар. Жалпы, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ретінде бизнес пен аграрлы салада тұрақтылық болғанын қалаймын.

Өңір депуттары мен нұротандықтар мұндай кездесулерді тағы педагогикалық ұжымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен шағын және орта бизнес өкілдерімен өткізбек.

 

Эльмира Садвокасова