Аптадағы маңызды жаңалықтар

Еңбек құқығы мәселелері талқыланды

Жалақыны лайықты әрі уақытында төлеу қажет. Республикадағы орташа айлық көрсеткіші бойынша теріскей өңірі көш соңында. Ал кей тұрғындар маңдай терін төгіп, жұмыс істегендері үшін еңбекақыларын ала алмай жүр. Кәсіпорын басшылары теріскейліктерге 96 млн теңге берешек.

Қызметкерлерді қысқартпау, ал жалақыны уақытылы төлеп отыру. Өңірімізде 86 мың еңбеккердің басты құқықтарын қорғауға бағытталған 12 мыңға жуық меморандум жасалған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аймақтағы 11 ірі кәсіпорынмен 2018-25 жылдар аралығын қамтитын жол картасы жасалған. Бағдарлама бойынша бір жыл сәтті жұмыс жасадық. Нәтижесінде, бірде-бір қызметкер қысқартылған жоқ. Ұжымдық келісім шартпен еңбеккерлердің 94,7 проценті қамтылды. Шілде айына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізбек ойымыз бар.

Қолға алынған шаралардың нәтижесінде биыл бірінші тоқсандағы өндірісте орын алған оқыс оқиғалардың саны былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 55,6 процентке төмендеген.
Лайықты, ал ең бастысы – жалақыны уақытында төлеу. Бұл – отырыста қарастырылған келесі мәселе. Кейбір тұрғындар маңдай терін төгіп, жұмыс істегені үшін айлықтарын ала алмай жүр. Өңір бойынша жұмысберушілердің еңбеккерлер алдындағы қарызы 96 млн теңгені құрайды.

Гүлшара Әбдіқалықова – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Әрбір жұмысберуші азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасының жоғарылайтынын есепке алып отырулары керек. Сәйкесінше, еңбеккерлердің жалақыларын да өсіру қажет. Кей аймақтарда бұл іс жөнді жүргізілмейді. Салдарынан қарапайым адамдар 40-50 мың теңгеге күн көруге мәжбүр.

Республикадағы орташа жалақы көрсеткіші бойынша теріскей өңірі жылда көш соңынан көрінеді екен.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– СҚ-да ірілі-ұсақты 5 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнда 215 мың азамат екі қолға бір күрекпен қамтылған. Орташа жалақыларыңыз республика бойынша төмен екенін жақсы білесіздер. Әрине, аталған көрсеткішке аграрлы өңір болғандарыңыз әсер етуде. Десе де, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында шаруаны күшейту қажет.

Отырыста өңірдің ірі кәсіпорындарының басшылары да сөз алды. Олар қызметкерлеріне жасалып жатқан жағдайға тоқталып, кездесетін проблемаларды сөз етті. Еркебұлан Мамбетов – тек өз мамандарына ғана емес, екі бірдей ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсетіп отырған бизнесмен. Азамат Мамлют ауданына қарасты Меңгесер мен Бексейіт елді мекендерінде бүлдіршіндерге арнап шағын орталық ашқан.

Еркебұлан Мамбетов – “Мамбетов и К” КС бас директоры, Мамлют ауданы:

– Сондай-ақ, жас мамандарға 3 жылдың ішінде 8 баспана тұрғызылды. Биыл тағы 4 үй салу жоспарда бар. Тұрғындар тек коммуналдық қызметтер үшін ғана төлейді. Олардың ауылда тұрақтап қалулары үшін барлық жағдайды жасауға тырысудамын. Бұл ретте елді мекенге барар жолды асфальттап берулеріңізді сұрағым келеді.

Жолдарды жөндеу мен асфальттау – өткір тұрған мәселелердің бірі. Себебі, млн-дап қаржы бөлініп, тап-тұйнақ жасалған шаруа нәтижесі көпке жетпейді. Оған кей жүргізушілердің өздері кінәлі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл біз 700 шақырым автомобиль жолдарын жөндемекпіз. Бірақ, трассаны көп ұзамай жүк көліктері бұзып тастайды. Мәселен, Петропавл мен Көкшетау арасындағы жол өте сапалы салынған болатын. 3 жыл ғана өтті. Сондықтан, машиналардың қанша жүк тасымалдап жатқанын есептейтін арнайы рамалар орнату қажет.

Осылайша, жауапсыз жүргізушілердің ықпалынан жыл сайын трассаны жөндеуге қыруар қаржы жұмсалуда. Бұл қаражатты арнайы есептеу рамаларын орнатуға жұмсаған жөн дейді өңір жетекшісі. Тағы Еркебұлан Мамбетов елді мекендерге кең жолақты интернет тартуды сұрап отыр. Министрлер өтініштің жауапсыз қалмайтындығын жеткізді.

 

 

Эльмира Садвокасова