МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Жергілікті нұротандықтар кезектен тыс XXX конференцияда бас қосты

Бүгін “Nur Otan” партиясының облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясы өтті. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен ұйымдастырылған жиында 2 сұрақ қаралды. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданған ұлттық жобалардың жүзеге асу барысы талқыланды.

Өзімізге жақсы мәлім, ақпанның 27-сі күні елордада Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Бұл жиында Елбасы Үкіметке «Ха­лық­­қа көмек», «Құтты мекен», «Ба­қыт­ты отбасы», «Ауыл – ел бесігі» сынды бағдарламаларды құруды тапсырды. Қазіргі таңда тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналған бұл жобалар жүзеге асырылып жатыр. Біздің облысымызда да біраз шаруа атқарылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңірде «Ха­лық­­қа көмек» бағдарламасы аясында 15 әлеуметтік терезе құрылды. Оларға тұрғын өзін толғандырған кез келген сұрақпен барып, кеңес ала алады. Бүгінге дейін ол жердегі мамандарға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан 116 адам жүгініпті. Мәселелердің 25 пайызы оң шешімін тапты. Ал қалғаны қаралып жатыр. Тағы, жергілікті билік өкілдері мен үкіметтік емес ұйым мүшелерінен құрылған мобильдік топтар да жұмысын бастады. Ондағы қызметкерлер халықпен жүздесіп, проблемаларды біржақты етуге көмек көрсетеді.

Енді «Ба­қыт­ты отбасы» бағдарламасына келейік. Бұл жоба аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, мекенжайлық әлеуметтік көмек көлемі 70 пайызға артады. Мұндай қолдау солтүстікқазақстандық 3 мың 200-ден аса жанұяға көрсетілетін болады. Тағы, әр балаға төленетін төлем мөлшері 6 есеге өседі. Мүгедек ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған ата-аналар да назардан тыс қалмақ емес. Олардың жәрдемақысы 30 процентке ұлғаяды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көмекке мұқтаж әр отбасымен байланыс орнату керек. Осылайша олармен жұмыс істеп жатқан мемлекеттік органдардың ісін бақылауға алған жөн. Яғни, партиялық қадағалауды күшейтуге қарқын қосыңыздар. Осы орайда «Ба­қыт­ты отбасы» бағдарламасы аясында атқарылатын құрылыс жұмыстарына да тоқталайын. Бүгінде баспана кезегінде 341 көпбалалы жанұя тұр. Биыл біз осы отбасылардың 30 пайызын үймен қамтуды жоспарлап отырмыз. Ал 2-3 жылда мәселені түпкілікті шешеміз.

«Құтты мекен» жобасы бойынша да ауқымды шаруа атқарылмақ. Биыл аталған бағдарлама аясында 2 мектеп ашылады. Тағы, 1-еуі келер жылы тұрғызылады. Сонымен қатар, 120 білім ұясы жөндеу көреді. Ол іске 5 млрд теңге бағытталып отыр. Бұл өткен жылдардағы сомадан 12 есеге көп. Осы орайда Құмар Ақсақалов нұротандықтарға атқарылатын істі қатаң түрде бақылауды тапсырды. Бұдан бөлек, “Ауыл – ел бесігі” жобаясы аясында Бескөлдегі 10 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады, Саумалкөлде жаңадан қазандық салынып, жүзу бассейні қалыпқа келтірілмек. Дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылы Петропавлда науқас балаларға арналған 2 түзету кабинеті ашылды. Біз биыл осы бағыттағы шаруаны жалғастырамыз. “Кедергісіз келешек” жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарды емдеуге арналған 3 бөлмені қолданысқа береміз. Оның 1-еуі балабақшада болады. Тағы, облыс орталығында балаларға арналған оңалту орталығы ашылады.

Жиын соңында 23-ші сәуір күні “Nur Otan” партиясының кезектен тыс ХІХ съезіне қатысатын теріскейлік делегаттар анықталды. Залдағы жұртшылықтың мақұлдауымен елордаға өңірімізден 34 адам баратын болады.

Култанов Байболат