Бизнес және экономика

Өткен жылы СҚО 335 млн доллардың өнімін импорттаған

Шағын және орта бизнестің Солтүстік Қазақстандағы тынысы қандай? Бұл мәселе бүгін “Маңызды” атты көшпелі сараптамалық алаңда талқыланды. Оны Еліміздің Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған. Шара барысында теріскейде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын тежеп тұрған түйіткілдер қозғалып, жастарға бизнес ашу жолдары және қаржылай көмек түрлері түсіндірілді.

Бұл – “Маңызды” деп аталатын сараптамалық алаң. Мұнда көкейді тескен түйіткілдер талқыланады. Бұл жолғы тақырып – шағын және орта бизнестің СҚО-дағы тынысы. Алғашқы спикер Дәурен Қалиев – өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры. Оның сөзінше, теріскейде шамамен 29 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Мұндай бизнеспен 106 мыңнан астам жерлесіміз айналысады екен. Көбіне олар сауда-саттық, ауыл шаруашлылығы салаларында ісін домалатып отыр. Алайда, шағын және орта бизнес қамтыған салалардың өрісін кеңейтіп, бизнесмендердің санын арттыру керек дейді Дархан мырза. Себебі, азық-түлік, киім кешек, жиһаз бен электроника сынды тауарлардың басым бөлігін әлі де шетелден импорттаймыз. Ал оларды өзімізде де шығаруға болады емес пе?

Дархан Қалиев, СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Мәселен, 4,5 млн АҚШ долларына біз құрғақ сүтті импорттаймыз. Аграрлық өңір бола тұра, шұжық пен ет өнімдерін де көбіне шетелден әкелеміз. Жалпы, өткен жылы Солтүстік Қазақстан 335 млн доллардың өнімін импорттаған. Өңдеуші кәсіпорындар бізде болса, бұл қомақты қаражат та өзімізде қалар еді. Осы орайда “Радуга” серіктестігіне үлкен алғыс. Олар сұйық сабын өндірісін бастады. Осылай жалғастыра беретін болса, көп кешікпей солтүстікқазақстандық сабындар дүкен сөрелерінде пайда болуы тиіс.

Кәсіпкерлердің санын қалай арттырамыз? Бүгінде отандастарымызды бизнеске тарту үшін бірнеше бағдарлама жұмыс істейді. Солардың бірі – “Бастау Бизнес”. Бұл -Кәсіпкерлер палатасының жобасы. Ол ауылда жұмыссыз отырған жандарға арналған. 2018 жылдың қорытындысы бойынша “Бастау Бизнес” курстарын 2 мыңнан астам жерлесіміз өткен. Олардың төрттен бірі өз ісін ашыпты.

Рахымбек Зейнуллин, СҚО Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері:

– Бастау Бизнес жобасы өңірдің барлық аудандарында жүзеге асуда. Курстардан өтушілердің саны жол санап артып келеді. Ауылдарда қызмет көрсетуші кәсіпорындар тапшы. Осы орайда айта кеткен жөн, бағдарлама түлектерінің тең жартысы ауыл шаруашылығы, сауда емес, бизнестерін қызмет көрсету саласында ашқан. Біз жаңа піскен кәсіпкерлерге бір жыл бойы қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, олар жылдық 6 пайыздық үстемемен несие ала алады.

Бұдан өзге, “Бастау Бизнес” арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергендердің мемлекеттен 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұтып алу мүмкіндіктері бар. Бұл қаражатты олар бастапқы капитал ретінде қолданулары тиіс. Сараптамалық алаң тыңдаушыларының көбі – жастар. Бизнесті жаңадан қалай ашуға болады, қаржылай көмектің қандай түрлері бар? Бойжеткендер мен бозбалалар тарапынан осындай сұрақтар көп қойылды.

Саят Ермек