Ауыл шаруашылығы

“Петерфельд-Агро” ЖШС 512 бас чехиялық ірі қара сатып алды

Қызылжар ауданындағы “Петерфельд-Агро” шаруашылығына 512 бас чехиялық ірі қара жеткізіледі. Шетелдік асыл тұқымды малды серіктестік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша несиеге алыпты. Бүгінге дейін симментал тұқымды сауын сиырларының тең жартысы келіп үлгерген. Ал қалғаны мамырдың аяғына дейін әкелінеді.

Бұл үш фургонның әрқайсысында 32 бас ірі қара бар. Барлығы – 96. Жүк көліктерінің шет елден келгенін еуропалық нөмірлерден-ақ байқауға болады. Мал тура Чехиядан жеткізілген. Жолда 5 күн болыпты.

Бұл – етті және сүтті бағыттағы аналық симментал тұқымды сиырлар. Оларды Қызылжар ауданындағы “Петерфельд- Агро” серіктестігі “Сыбаға” бағдарламасы бойынша несиеге алған. Барлығы Еуропадан осындай 14 жүк көлігі, яғни 512 бас келуі тиіс. Әзірге, тең жартысы жеткізілген. Неге симентал? Себебі бұл сиырлардың біреуі жылына орташа есеппен 6-7 мың тонна сүт бере алады. Теріскейдің қыңыр климатына да тез бейімделеді дейді агроқұрылым өкілдері.

Александр Фомичев – “Петерфельд-Агро” ЖШС басқарушысы:

– Серіктестік басшылығы 2019 жылы сауынды сиырлардың басын мыңға жеткізуді көздеп отыр. Симментал – біз үшін ең оңтайлы тұқым. Чехиядан келген бұл ірі қара шамамен 4-5 айдан соң төлдейді. Кейін сүт бере бастайды. “Сыбаға” бойынша несиені 15 жылға алдық. Алайда, қарызды уақытынан бұрын жабуды көздеп отырмыз.

Чехиялық асыл тұқымды ірі қараның бір-біреуі 2137 еуро тұрады. Бізше шамамен 920 мың теңге. Алайда, мемлекет қолдауына жүгінген “Петерфельд-Агро” үшін жануарлар біршама арзанға түскен. Себебі, “Сыбаға” бағдарламасы бойынша шетелден алынған бір бас құнының 337 жарым мың теңгесі субсидияланады. Бағдарламаның мұндай мол мүмкіндіктерін биыл Қызылжар ауданының екі шаруашылығы пайдаланған.

Аманжол Сәкенов – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Олардың бірі – “Бат” серіктестігі, ал екіншісі – “Петерфельд-Агро”. Жыл басынан бері бұл екі шаруашылық “Сыбаға” бойынша барлығы 346 бас ірі қара алды. Алдағы уақытта тағы 256 бас жеткізіледі. Осылайша, аудандық жоспарды артығымен орындаймыз. Аталған бағдарлама негізінде жылдық пайыздық үстеме 4 процентті құрайды.

Бұдан бөлек, “Сыбаға” жобасы бойынша шет мемлекеттен несиеге мал алдыртқан шаруашылықтар қарыздарын 3 жылдан соң ғана төлей бастайды. Осы уақыт аралығында агроқұрылымдардың табысқа кенеліп, займды еш қиындықсыз жабу мүмкіндіктері туындайды.

 

Саят Ермек