Спорт

“Мен чемпион” балалар спорттық ойынының облыстық кезеңі басталды

«Мен чемпион» балалар спорттық ойынының кезекті облыстық кезеңі бастау алды. Дәстүрлі сайысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған 13 құрама қатысып жатыр. Додада оза шапқан ұжым мүшелері республикалық жарысқа жолдама алатын болады.

Бұл – капитандар сайысы. Мұнда сумо костюмін киген Тұлпар мен Қыран құрамаларының көшбасшылары күш сынасады. Басты мақсат – қарсыласты шеңберден итеріп шығару. Тартысты кездесуде мамлюттік Бекарыс Балағанов жеңіске жетті.

Ал, бұл шешуші финалдық эстафета. Осы сайыста кімнің асығы алшысынан түседі, сол ұжым келесі кезеңге өтеді. Ақтық сында да қырандық өрендер жарады. Олар тапсырмаларды сауатты орындап, жеңіс тойын тойлады. Енді, Мамлют ауданының ұл-қыздары қаламыздағы 7-ші орта мектептің «Динамит» командасымен тартысқа түсетін болады.

Бекарыс Балағанов, “Қыран” кұрамасының капитаны, Мамлют ауданы:

– Ең бірінші ойын болғандықтан, керемет бір сезім пайда болды. Бұл сезімді сезіну үшін ойнап көру керек. Бәріне қатысуға кеңес беремін. Алдағы ойындарда тағы да жеңіске жетеміз деген сенімдемін.

Бұл ретте айта кетейік, жарыс өткен жылғы ережелер бойынша өткізіліп жатыр.

Қанат Сәдуақас, Дене тәрбиесі, спорт және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Жалпы, биылғы жылы мектепішілік кезеңін күзгі демалыс кезінде өткізген болатынбыз. Оған 8 мыңдай оқушы қатысты. Екінші кезең – аудандық жарыста 2 мың қатысушы болды. Бүгін, ертең – екі күн бойы облыстық іріктеу турнирін өткізіп жатырмыз.

Осымен 5-ші жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл дода халықаралық дәрежеге дейін көтерілді. Айта кетсек, өткен жылдың күзінде ұйымдастырылған сайыста тек еліміздің оқушылары ғана емес, көрші мемлекеттің ұл-қыздары да бақ сынады. Ондай жарыс биыл да жалауын желбіретпек. Кезекті ойынға Қытайдан құрамалар шақырылмақ.

Евгений Сазанов, «Мен чемпион» балалар спорттық жобасының авторы, МТРА директоры:

– Былтыр біз «Мен чемпион. BURABAY OPEN» атты ашық республикалық сайыс өткіздік. Оған Ресей мен Өзбекстан елдерінің құрамалары қатысты. Осылайша халықаралақ жоба атандық. Осы жылғы ойынға Қытайдан командалар шақыртылады. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жалпы, облыстық “Мен чемпион” балалар спорттық ойындары 2 күнге жалғасады. Ертең финал ұйымдастырылмақ. Жүлдегер құрамаларға сәйкесінше мақтау қағазы мен медалдар табысталады. Ал бірінші орын иегері келесі айналым, яғни респубикалық кезеңге жолдама алады.

Ақтолқын Солтанханқызы