Бизнес және экономика

Мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар-тренинг өтті

Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына биыл 2 жыл толды. Маңызды құжатта көрсетілген басымдықтар елімізде сәтті жүзеге асып, өз нәтижесін беруде. Бұнымен  қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарлама миссиясы  әлі аяқталған жоқ. Жүктелген міндеттер мен алға қойылған мақсаттардың іске асуына тікелей атсалысып жүрген мамандар арнайы тренингтен өтуде.

Қолдарында – қалам, алдарында – ақ парақ. Партаға қайта жайғасқан мемлекеттік қызметшілер бүгін жұмыстарына қажет түрлі өзекті сұрақтарды қарастырып жатыр. Бірінші топ әкім орынбасарлары мен басқарма және бөлім басшыларынан құрылған. Мамандар қазір “фасилитация” деген атаумен пайда болған жаңа бағытты меңгеру үстінде. Ағылшын тілінен ол “жеңілдету” деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, топпен немесе қоғаммен жұмысты оңтайландырып, пайда болған пікірталасты дау-дамайсыз шешу. Ирина Виговскаяның сөзінше, бұл – тек басшыларға ғана емес, кез келген адамға қажет дағды.

Ирина Виговская – медиаторлардың кәсіби тренері, Алматы қаласы:

– Фасилитация топпен жұмыс жасауды жеңілдетуге бағытталады. Оны кикілжің немесе талқылау барысында қолданған жөн. Сонда, пікірталас туындамайды. Ең бастысы – адамдар бір-бірін айыптамай, проблеманы шешудің жолын бірге іздестіреді. Біздің елімізге фасилитация тек 5 жыл бұрын ғана келді. Қазір осы бағытта тренингтерді өткізу қолға алынып жатыр.

Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан шаруа мол. Бірақ, оның барлығын бірдей қазақстандықтар біле бермейді. Іске СММ-ді кірістірген жөн. Қазір әлеуметтік желілер хабар таратудың таптырмас құралына айналды. Дегенмен, мамандар заманауи технологиялардың кей тиімді тұстарын әлі меңгермепті. Сондықтан, тренерлер осы мәселені де назардан тыс қалдырмаған.

Гүлмира Сабырова – Тайынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Біздің Тайынша ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары жүзеге асырылуда. Енді, осы тренингтен білген-түйгенімізді де іс жүзінде пайдаланатын боламыз.

Шараға 200-ге жуық маман қатысуда. Олардың арасында Қостанай мен Ақмола облыстарынан келген меймандар да бар.

Владимир Бочкарёв, Қостанай облысының Федоров аудандық ішкі саясат бөлімі бас маманының міндетін атқарушы:

– Мен мемлекеттік қызметке бір ай бұрын ғана келдім. Бұл саладағы тәжірибем өте аз. Сондықтан, бұл семинар мен үшін өте пайдалы болмақ. Күннің бірінші жартысында кризистік жағдайлардан шығу амалдарын қарастырып, талқыладық. Өзіме қажеттінің барлығын түртіп алдым.

Семинар-тренингтер 3 күнге жалғаспақ.

Эльмира Садвокасова