Балалар

“Қызылжар-адалдық алаңы” аясында оқушылармен кездесу өтті

«Жас ұрпақ – адал ұрпақ». Бүгін осындай атаумен «Қызылжар-адалдық алаңы» жобасы аясында шағын жиын өтті. Мемлекеттік қызметшілер, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысқан отырыста жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жайлы айтылды.

Өңірдегі мектептердің көпшілігінде «Адал ұрпақ» клубы бар. Бұл ұйымды құрудағы мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті өскелең ұрпақтан бастап қалыптастыру. Бұл ретте оқушы жастармен бірлесіп бірталай жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі жиынның мектепте өту себебі де осы.

Есқали Саламатов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:

 -Жемқорлықтың пайда болу себептерін білмей оны жоя алмаймыз. Себебін ашып, оны азайту үшін ел болашағы – жастармен жұмыс жасай білу маңызды. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отыруымыздың мақсаты – жеткіншектерге жемқорлықты болдырмау туралы мәлімет бере отырып, дұрыс тәрбиелеу.

Мемлекеттік қызметшілер, мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары. «Жас ұрпақ-адал ұрпақ» атты жиынға шақырылған қауым осы. Отырыс барысында жастар жағы айтылған дүниені тек тыңдап қана қоймай, өз ой-пікірлерін білдірді. Солардың бірі – Адина Арғынбаева.

Адина Арғынбаева, Қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы:

– Қызылжар-адалдық алаңы» жобасы аясында өтіп жатқан іс-шараға құба-құп қатысып отырмын. Мұнда бүгін сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, оған қалай жол бермеу керек сияқты ақпар айтылуда.

«Қызылжар-адалдық алаңы» жобасының аясында жемқорлыққа қарсы күрес турасында өткен кездесулер легі осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта оқушылардың қаысуымен бірнеше семинар өткізу жоспарланған.

 

 

Ақтолқын Солтанханқызы