Қоғам

Сәуірдің 15-інен бастап балық аулауға уақытша тыйым салынды

Қармақты уақытша жинап қояр кез келді. Сәуірдің 15-інен бастап Солтүстік Қазақстан облысында балық аулауға тыйым салынды. Бұл – су жануарларының санын арттыру мақсатында жасалып жатқан жыл сайынғы шара. Балықтарға заңсыз қармақ салғандарды әкімшілік, кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр.

Шортан, аққайран, көксерке. Мұндай олжа – кез келген балықшының арманы. Алайда, су жануарларын аулауды жаны сүйетін жерлестерімізге қармақтары мен ауларын біршама уақытқа қоя тұру қажет. Себебі, айдың 15-інен бастап өңір аумағында балықтың кей түріне қармақ салуға тыйым салынды. Су ресурстарын сақтап қалу үшін.

Қуантай Сәлімов – СҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы:

-Шортан, аққайран, көксеркені 15-ші сәуір мен 15-ші мамыр аралығында, сазанды 20-шы наурыз бен 20 маусым аралығында, гамарусты 1-ші тамыз бен 14-ші қыркүйек аралығында, артемия жұмыртқаларын 11-ші наурыз бен 15-ші маусым аралығында, өзен шаяндарын 1-ші маусым мен 15-ші шілде аралығында аулауға тыйым салынады.

Саят Ермек – тілші:

– Сондай-ақ, Есіл, Нұра және Сілеті өзендерінің СҚО аумағындағы бөліктерінде, мұндағы құймалар мен су қоймаларының барлығында балық аулауға 20-шы сәуір мен 20-шы мамыр аралығында тыйым салынған. Неге дейсіздер ғой?! Себебі, бұл кезеңде су жануарлары уылдырық шашып, көбейе бастайды. Ал қармақ салу бұл процесске кедергі келтіріп, олардың санын азайтуы әбден мүмкін. Табиғат қорғаушылары қойған бұл шектеуді елемегендер жауапкершілікке тартылады.

Қуантай Сәлімов – СҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы:

– 10 АЕК бастап 250 АЕК дейін айыппұл салынады және осы ережелерді бұзған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Аумақтық инспекция мамандары тәртіп сақшыларымен бірге арнайы рейд шараларын жүргізіп тұрады. Былтыр осындай тексеріс барысында Сергеев су қоймасында 2 петропавлдық ұсталыпты. Олар тыйым салынған кезеңде 173 келі су жануарын аулаған. Мемлекетке келтірілген шығын 400 мың теңгеден асты. Нәтижесінде, балықшылардың бас бостандықтары бір жылға шектетілді. Сондай-ақ, браконьерлер 2 жылға қармақ салу құқығынан да айырылды. 2018-де мамандар осындай 69 ережебұзушылықты әшкерелеп, 860 мың теңгенің айыппұлын салған.

 

Саят Ермек