Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Бүгін облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдің – 1-ші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. Атқарылған шаруа ауқымды. Бірақ, кейбір салаларда жөнді жұмыс жүргізілмей, көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы үшін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдері мен кәсіпорын басшыларын сынға алды.

Өңірдің 1-ші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл толады. 3 айдың қорытындысы бойынша облысымыз елімізде 4-ші орында тұр. Мұндай нәтижеге жетуге бірнеше саладағы өсім әсер етіпті.

Асқар Сақыпкеерев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,7%, ауыл шаруашылығы – 3,1%, бөлшек сауда – 2,4%, негізгі капиталға инвестициялар көлемі – 11%, тұрғын үй енгізу – 0,8% ұлғайды.

Өндіріс саласында да өсім бар. Жыл басынан бері облыста 56 млрд теңгенің өнімі шығарылыпты. Осылайша жоспар 103,8 пайызға асыра орындалған екен. Бірақ, мұнымен қуана алмаймыз. Себебі, қаламыздағы Петропавл ауыр машина жасау зауыты мен “ЗИКСТО” АҚ тауар шығару деңгейін төмендетіп алған. Салдарынан қарқынды өсім орын алмады. Мұны облыс әкімі сынға алып, кәсіпорын басшыларын орындарынан тұрғызды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “ЗИКСТО” АҚ теміржол техникаларын шығару көрсеткіші төмендеді. Салдарынан машина жасау саласындағы өсім 15,4 процентке кеміді. Петропавл ауыр машина жасау зауытында да жағдай осындай. Аталған кәсіпорында мұнай және газ өндірісіне қажетті өнімдерді әзірлеу деңгейі 15,2 есеге азайды. Бұл екі өндіріс ошағына байланысты проблемалар былтыр да болған еді. Биыл да дәл солай. Жағдайды түзеу керек. Дәурен Жандарбекұлы, тапсырыс берушілермен жұмысты жылдамдату қажет. Зауыттарға көмек көрсетуге міндеттіміз.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек көп ұзамай жағдай түзеледі деп отыр. Қазір зауыттарға заманауи құрылғылар келіп жатыр екен. Мұның арқасында шығарылатын өнім деңгейі артпақ.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Петропавл ауыр машина жасау зауытына 7 білдек келді. Қазір олар орнатылып жатыр. Жылдың соңына дейін тағы 36 құрылғы жинағына тапсырыс жасалады. Тапсырыс берушілермен келіссөздер де сәтті жүргізіліп жатыр. Жақын арада Петропавл ауыр машина зауыты және “ЗИКСТО” АҚ тауар сатып алатын тараптармен келісімге келіп, мәселені шешетін боламыз.

Аппараттық кеңесте облыс басшысы құрылыс саласына да жіті тоқталды. Бұл бағытта өсім болғанымен, кей аудандар көрсеткішті арттырар емес. Мысалы, Шал ақын, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев және Аққайың сынды аудандар жөнді жұмыс жүргізе алмай жатыр екен. Дегенмен, аталған аудан басшылары олқылықтың орнын түзеп, жағдайды реттеуге уәде берді.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Биыл құны 1,2 млрд теңге болатын мал өсіру кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Тағы, астық қабылдау орнының құрылысын жалғастырамыз. Элеваторларға қоймалар тұрғызамыз. Осылайша жоспарды 100 пайыз орындаймыз.

Бұл ретте Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне мемлекеттің ақшасына үнемі үміт арта бермеуді тапсырды. Оданда іске кәсіпкерлерді жұмылдырып, құрылыс жүргізуді жүктеді. Тағы, жиын барысында өңірге инвесторларды тарту жайы да қаузалды. Бүгінгі күні Уәлиханов ауданында “Жақсытұз” атты серіктестік бар екен. Аталған кәсіпорынға қалталы азаматтардың қолдауы қажет.

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Испаниядан бір кісі келеді деді. Ол осы жұмада келіп, жұмыс жүргізеді деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 1 жылдай күттік. Ешқашандай жұмыс жүргізілмесе рұқсат қағаздарын алып қойыңдар. Басқа инвестор іздеңдер.

Инвестиция бойынша тағы да Шал ақын және Есіл аудандарында көрсеткіш төмен. Мұны Құмар Ақсақалов тілге тиек етіп, жағдайды түзеуді жүктеді. Кейін жиынға қатысушылар облыс әкімінің орынбасары болып еңбек етіп келген Мадияр Қожахметті басқа қызметке ауысуына байланысты салтанатты түрде шығарып салды. Енді, ол мемлекеттік қызметте / елордада еңбек ететін болады.

Мадияр Қожахмет:

– СҚО маған өте жақын. Осы жерде үлкен тәжірибе жинақтадым. Сол себепті, бірінші кезекте Құмар Іргебайұлы, сізге, осында отырған әріптестеріме алғыс айтамын.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов Мадияр Қожахметке атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, Құрмет грамотасын табыс етті.

 

Култанов Байболат