Көлік және жолдар

Көліктік бақылау инспекциясы өз жұмысын қорытындылады

Жыл басталғалы өңірлік көліктік бақылау инспекциясының мамандары 180 әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеген. Осылайша, жауапсыз жүргізушілерге салынған айыппұлдың мөлшері 12 млн теңгеден асып түсіпті. Бұл жайлы инспекция мамандары бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

Құқықбұзушылардың бәрі жүк көлігінің бір осіне түсетін салмақ нормасын асырып жіберген. Күн сайын облыс аумағынан ірі габаритті және ауыр салмақты жүздеген көлік өтеді. Оларға белгіленген мөлшерден артық жүк тиеудің салдарынан жол жабындысы бұзылады. Негізі, Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асады. Биылғы жылы олардың күтіміне 1,7 млрд теңге бөлінген.
Жалпы, трассалардағы жағдайды бақылауда ұстау үшін арнайы жылжымалы бекеттер жұмыс істейді екен. Олардың көмегімен көліктің нақты салмағы мен артылған жүк мөлшері анықталады. Бірақ, талапты барлығы бірдей орындай бермейді.

Андрей Марков, СҚО көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

–  Қолданыстағы заңға сәйкес, ірі габаритті және салмағы ауыр жүкті көлікпен тасымалдау үшін арнайы рұқсат керек. Тиелген жүктің салмағын заңмен белгіленген нормадан асыруға болмайды. 2019 жылдың бірінші тоқсанында көліктік бақылау инспекциясы жүк машиналарына қатысты 292 арнайы рұқсат берді. Ол үшін жүргізушілер 18,5 млн теңге төлем жасады.

Саят Ермек