Спорт

“Қызылжар” “Қайрат-Жастар” құрамасын қапы қалдырды

Кеше еліміздің бірнеше қаласында футболдан бірінші лига командаларының 2-ші тур ойындары өтті. Бұл күні Петропавлда жергілікті “Қызылжар” мен “Қайрат-Жастар” құрамасы кездесті. Қос ұжымның аяқдопшылары қолайсыз ауа райына қарамастан жанкүйерлерге тартысты кездесу ұсынды.

Солтүстіктен жел соғып, қар аралас жаңбыр төпеп тұр. Мұндай күнде футбол ойнау өте қиын. Бірақ, жасыл алаңдағы жігіттер ауа райының қолайсыздығына қарамай кездесуді бастап кетті. Матчтың алғашқы секундтарынан жерлестеріміз белсенді. Жиі алға ұмтылып, гол соғудың қамына кірісті. Алайда, тепкен доптар қисық ұшты немесе қақпашының қолынан табылып жатты. Дегенмен, 35-ші минутта теріскейлік Павел Кривенцев алматылықтардың қорғанысын бұзып өтіп есеп ашты. Қуаныш көпке созылмады. Сауатты қимылдағын қарсыластарымыз қатарынан 2 доп салып, таблодағы сандарды өзгертті.

2-де 1. Қызылжарлықтар қанша тырысқанымен 1-ші таймда есеп өзгермеді. Мұндай нәтижеге жанкүйерлердің көңілі толмайды.

-Шабуылшыларымыз доп соға алмай жатыр. Жел әсер етіп жатыр ма? 2-ші таймда жеңеміз деп ойлаймын.

– Ойнап жүрген жігіттерге көңілім аса толмай отыр. Жас жігіттер бізге 2 гол соғып кетті. Тиянақтылап ойнау қажет.

Көп кешікпей 2-ші тайма да басталды. Жерлестеріміз бірден ойын тізгінен өз қолдарына алды. Жиы шабуылдап, қарсыластардың апшысын қуырды. Осындай бір ұмтылыстардың бірінде алматылықтар ойын ережесін бұзды. Мұны байқаған төреші ойланбастан пенальти нүктесін көрсетті.

Пенальтиден Шота Григалашвили мүлт кетпей, есепті теңестірді. Бұдан соң да аяқ допшыларымыз алға ұмтылып, қауіпті шабуылдар жасады. Нәтижесінде Павел Кривинцев дубль авторы атанды. Ал қорғаушымыз Виктор Гунченко тамаша голды өз атына жазды.

Осылайша есеп 4-те 2-ге жетті. Мұнымен матч аяқталмады. Жанкүйерлер қалған 20 минутта тағы 3 гол көрді. Алдымен қонақтар белсенді. Кейін, қызылжарлықтар басымдықты арттырды. Ойын соңында алматылық Мәрлен Айманов көзге түсіп, есепті 5 те 4 қылды.

Ильдар Аитов – «Qyzyljar» FC капитаны:

– Ойын өте қиын өтті. Мұндай ауа райында доп тебу оңай емес. Алаңда жүгіру қиын. Бірақ, соған қарамай жеңіске жетіп отырмыз. Әрине, қателіктер де болды. Бізге жинақылық жетіспейді. Әсіресе, айып доптары кезінде ойлағанымыз жүзеге аспай жатады. Суық күнде қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды айтамын.

Қазір “Қызылжар” футбол клубының қоржынында 4 ұпай бар. Жергілікті ұжым турнирлік кестеде 3-ші орында тұр. Енді, теріскейліктер келесі ойындарын сырт алаңда 21-ші сәуір күні “Астана-М” командасына қарсы өткізеді.

 

 

Култанов Байболат