МТРА жаңалықтары

Сайлауға дайындық шаралары

9 маусым күні қазақстандықтар тәуелсіз ел тарихындағы 7-ші Президент сайлауына қатысып, ел тізгінін ұстайтын азаматты анықтайды. Әзірге, саяси додаға түсетін кандидаттардың есімдері белгісіз. Олар тек 11-мамырда анықталмақ. Бұл күні Қазақстанда сайлауалды кампания бастау алады. Осынау маңызды шара жайлы зауыттықтарға облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко айтып берді.

Еліміздің келесі Президенті кім болады? Бүгіндері бұл қазақстандықтар арасында қызу талқыланатын тақырыпқа айналды. Әзірге, кандидаттардың атын дөп басып айту қиын. Өйткені, қазір олар сайлаушылардың қолын жинап жатыр.

Владимир Бубенко – облыстық мәслихат хатшысы:

 – Сәуірдің 10-ынан бастап кандидаттарды ұсыну шаралары өтуде. Олар ҚР «Сайлау туралы» заңына сәйкес қоғамдық ұйымдар, партиялардың атынан шыға алады. Бұл шара айдың 28-іне дейін жалғасады. Кейін кандидаттарды тіркеу басталады. Айта кетейік, саяси додаға қатысу үшін әр үміткер 118 мың адамның қолын жинауы шарт. Ал мамырдың 11-інен бастап үгіт-насихат жұмыстары бастау алады. Ол маусымның 8-іне дейін жалғаспақ. Яғни, бір ай көлемінде кандидаттар халықтың сенімінен шығып, қолдауына ие болуы тиіс.

Ал 8 маусым үнсіздік күні болып жарияланбақ. Бұл күні үгіт-насихат шараларына тыйым салынады. Ал 9-ы таңғы 7-ден бастап кешкі 8-ге дейін қазақстандықтар өздерінің азаматтық міндеттерін орындап, қалаған кандидатқа дауыс береді.

Фёдор Дмитриев – «Мұнаймаш» АҚ бас инженері:

– Еліміздің беделін халықаралық аренада одан әрі арттыратын, Қазақстанның гүлденуіне атсалысатын адам келсе екен деймін. Жаңа Президент ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласын дамытуға серпін беріп, мемлекетімізді алға жетелеуі қажет. Сайлауға қатысып, дауыс беру – бұл әр қазақстандықтың міндеті. Осылай өз болашағыңды анықтайсың. Сондықтан, солтүстікқазақстандықтарды саяси додаға белсенді қатысуға шақырамын.

Еліміз егемендігін алғалы бері Нұрсұлтан Назарбаев Президент болды. Осыған дейінгі сайлауларда ол қазақстандықтардың 90 пайыздан астамының қолдауына ие болып келді. Тек 1999 жылы өткен саяси додада ғана еліміздің Тұңғыш Президенті республика халқының 80 пайызға жуығының дауысын жинады. Ал ағымдағы жылдың 19-наурызында Елбасы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтаты. Қазір ел тізгіні – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында.

Магжан Ахмадина