Мәдениет

“Ромео мен Джульетта” спектаклі – заманауи форматта

Көптен күткен тұсаукесер! Николай Погодин атындағы орыс драма театрында “Ромео мен Джульетта” сахналанды. Алайда, бұл жолы Шекспирдің классикалық туындысы көрермен назарына ерекше форматта ұсынылды. Қойылым режиссері – көктемгі шығармашылық зертхана жеңімпазы Галина Зальцман.

Қос ғашықтың махаббаты баяндалатын спектакль күтпеген жерден американдық “The Lennon Sisters” тобының 63-ші жылғы «Гүлдер қайда?» атты әнімен басталды. Осылайша көрермендер алғашқы сәттерден-ақ қойылымның ерекше болатынын түсінді. Шекспирдің 4 ғасыр бұрын жазған спектаклін Погодин атындағы театр сахнасында қою мүмкіндігі Галина Зальцманға тектен-тек берілген жоқ. Ол күзгі режиссерлық зертхананың жеңімпазы атанған.

Елена Покрас, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Бізге үш режиссер келді. Олар дайындаған үзінділерді көрдік. Ақыры Галина Зальцманның «Ромео мен Джульетта» қойылымын таңдадық. Санкт-Петербургтен келген Андрей Горловтың жарық дизайнері болғанына қуаныштымыз. Өйткені, финалдық кезеңінде Галинаға үлкен көмек көрсетті. Ол жарық қосқанда, қойылым барынша жарқын әрі қызықты болды.

Спектакльде реквезиттер аз. Өйткені, басты назарда – актерлердің шеберліктері, сезімдері мен эмоциялары. Қойылымда ақ пен қара түстерді ғана көруге болады. Бұл – жақсылық пен зұлымдықтың көрінісі. Қойылымның тағы бір ерекшелігі бар. Мұндағы киім-кешек заманауи түрде сәнделген.

Қошемет пен гүл шоқтары. Актерлер сахнада бас иіп ұзақ тұрды. Бұл қойылымның көрермен көңілінен шыққанын білдіреді. Ыстық ықылас үшін талантты жандар ризашылықтарын жеткізді.

Роман Лахтин, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Алғашқы эмоция өте керемет. Өзара тығыз жұмыстың арқасында тамаша қойылымды ұсынылды деп ойлаймын. Галинамен еңбек ету өте қызықты, ол – өз саласының шебері.

-Спектакль маған өте қатты ұнады, қызықты әрі жоғары деңгейде өтті.

– Қуаныштымын, қойылым өте көңілді және қызықты өтті. Заманауи әнмен классиканың үйлесімі ұнады.

Маржан Қасымбек