МТРА жаңалықтары

Мәскеуге қатынайтын әуе рейсі ашылады

Петропавлдан Мәскеуге дейін 3 сағаттың ішінде! Жергілікті әуежай теріскейліктерді тағы бір рейспен қуантпақ. Бұл жолы солтүстікқазақстандықтар тікелей Ресей Федерациясының астанасына ұша алады. Екі шаһар арасында аптасына бір рет қатынайтын әуе кемесі 100 орынға шақталған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

 – Петропавл мен Мәскеу қалаларының арасы 2 мың шақырымға жуықтайды. Бұл күнделікті дерлік жұртшылықтың Қазақстанның дәл солтүстік қақпасынан Ресейдің елордасына аттануға кедергі келтірмейді. Поезбен көрші мемлекеттің бас қаласына кемінде 40 сағатта жетуге болады екен. Екі күнге жуықтайтын жолдың құны 19 мыңнан басталып, 53 мың теңгеге дейін жетеді.

Енді Мәскеуге барамын дегендер үшін таңдау бар. Жол бар-жоғы 3 сағат уақытты алады. Ал құны 47 мыңнан басталады. Яғни, поезд билетімен тепе-тең деуге де болады. Бірақ, жұмсалатын уақыт 15 есеге дейін үнемделмек.

– Рейстің ашылғаны жақсы. Туристік бағытты дамытуға сеп болады.

– Осындай рейс ашылғаны жақсы болды. Мәскеу қаласына бару арманым еді. Енді уақытты үнемдеу мүмкіндігі туып отыр. Қуаныштымыз.

Мәскеу қаласына рейс ашу ісін жергілікті әуежай басшылығы 2016 жылдың соңында қолға алыпты. Сол уақыттан бері жүргізілген келіссөздердің нәтижесі – осы. Мамырдың 29-ынан бастап әр сәрсенбі сайын таңғы 8-де теріскейліктер Ресейдің елордасына ұша алады. Әзірге, пилоттық режимде қосылған рейс ағымдағы жылдың қазанына дейін жұмыс істемек.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Бұл бағыт көптеген қазақстандықтар үшін өте тиімді болмақ. Әуе кемесі 100 орынға шақталған.

Болашақта әуежай басшылығы өзге де рейстерді ашып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасамақ ниетте. Қазір бұл бағытта келіссөз жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, маусымның 8-і теріскей жерінен Мысыр елінің Шарм-эль-Шейх курортына алғашқы рейс ашылатын болады.

 

Эльмира Садвокасова