Қоғам

«Altyn Oimaq» байқауына тіркелу жалғасуда

Киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы бастау алды. Елімізде алғаш рет «Altyn Oimaq» атты сайыс өтпек. Әр аймақтан қатысушы жастарды ынталандыру үшін Петропавлға арнайы елордадан қонақтар келді. Жеңімпаздың есімі жыл соңында белгілі болмақ.

Дәл қазір дизайнерлер сайысқа қатысу үшін тиісті тіркеуден өтіп жатыр. Бұл жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры бірге ұйымдастырып отыр. Өңірдің өнерлі жандарына байқаудың шарттарын таныстыру үшін арнайы елордадан қонақтар келген.

Диана Ботаева, «Altyn Oimaq» дизайнерлердің ұлттық байқауы» жобасының жетекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қатысушыларға қалай тіркелу керек екендігін, сайысқа қатысудың тиімді тұстарын айтамыз. Әрине, өнім сапалы әрі шарттарға сай болуы міндетті. Ең бастысы, жаңа дарындар анықталады, қызықты дүниелер пайда болады. Бұл – жас мамандарға өздерін ұлттық байқауда бақтарын сынау үшін жасалып отырған таптырмас мүмкіндіктердің бірі.

6 номинация бойынша өтетін сайыс 3 кезеңнен тұрады. Басты шарт – ұсынылып отырған өнімде қазақтың ою-өрнегі болуы керек. Дизайнерлер жобаға қатысып қана қоймай, байқау барысында түрлі шеберлік сағаттары мен семинарлаға қатыса алады. Бұл туралы әлеуметтік желілерден естіген Айжан бүгінгі шараға арнайы келіп отыр. Кешкі көйлек тігумен айналысатын петропавлдық нәзікжанды бүгінгі сайыс шарттарынан бір шабыт аламын деген үмітте.

Айжан Колчина, киім дизайнері:

– Бүгін жобаның шарттары мен тиімді тұстарын білуге келдім. Бұл кездесуден шабыт алып, мен үшін мүлдем жат – спорттық киімдер жасауға бет бұрып кетуім әбден мүмкін.

«Altyn Oimaq» дизайнерлердің ұлттық байқауына тіркелу наурыздың 4-і бастау алған. Қатысушыларды рәсімдеу үрдісі келесі айдың 15-сіне жалғаспақ. Үміткерлер өз өнімдерінің суреттерін atameken.kz сайтына жолдай алады. Жеңімпаз онлайн дауыс беру арқылы желтоқсанда анықталады. Әр номинация бойынша үздік деп танылған дизайнерге 1 млн теңгеден берілмек.