Ауыл шаруашылығы

СҚО-ға Австриядан ірі қара мал жеткізілді

Өңірге Австриядан ірі қара мал жеткізілді. Оларды Аққайың ауданындағы «Шаймерденов» шаруа қожалығы әкелген. 491 бас сиырды кәсіпкер «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алыпты.

Мына сиырлар Австриядан жеткізіліпті. Мал 14 көлікке тиеліп жолда 4 күн жүріп келген. Сондықтан, тар жерден шыққан олар бірден кең сарайға кіргізілді. Оларды «Шаймерденов» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 443 млн теңгеге алған. Шетелден әкелінген 491 бас ірі қараның 150-і тайынша болса, 341-і – құнажын.

Біржан Шаймерденов – «Шаймерденов» ШҚ басшысы, Аққайың ауданы:

– Бұл сиырлар біздің жаққа қолайлы. Сүт те, ет те береді. Біз таңдаған кезде ол жақта 7-8 мың сүт береді екен. Біз 17-20 литрге дейін апарсақ тамаша болады. Соның өзінде бізде 6 мың литр сүт әрбір сиырдан алуға болады. Ол жұмысшыларға да жақсы. Табыстары көтеріледі.

Сименталл тұқымдас сиырлардың әрқайсысының құны 950 мың теңге тұрады екен. Алдағы уақытта олар Аққайың ауданының Ленинский ауылында салынып жатқан кешенді мекендейтін болады. Бір мың басқа шақталған нысанды Біржан Шаймерденов жаз айында қолданысқа бермекші. Ал әзірге, шетелден жеткізілген мал тексеріліп, бір ай карантинге жабылмақ.

Анастасия Орлова – Аққайың ауданы ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қазір біз жеткізілген ірі қараның жалпы жағдайын қарап жатырмыз. Ал карантин уақытында мал лейкоз, бруцеллез, туберкулез және Шмаленберг сынды ауруларға тексеріледі. Кейін екпелер жасаймыз.

Жалпы, солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысады. Жыл басталғалы мал шаруашылығын дамыту жобасы аясында өңірге бір мың басқа жуық ірі қара жеткізіліпті.

Алтынбек Абдоллаев – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Қызылжар ауданындағы «Петрфельд-Агро» ЖШС 512 бастың ішінде, әзірге 160 бас әкелді. Сонымен қатар, «Донецкое», «Нұрлы жол», «Бад» ЖШС және «Арна», «Ақ бұлақ» шаруа қожалықтары малдар әкеліп жатыр. Мал Чехия, Австрия және көршілес Ресейден келіп жатыр. Европадан Чехия, Австрия, Германиядан көршілес Ресейден келіп жатыр мал.

Жыл соңына дейін теріскейге тағы 4 мың бас ірі қара жеткізу көзделуде.

 

Магжан Ахмадина