Спорт

“Qyzylzhar” ФК жанкүйерлерімен кездесу өткізді

“Qyzylzhar” футбол клубы жаңа ойыншылармен толықты. Кеше спортшылар жанкүйерлерімен кездесу өткізіп, өз жаңалықтарымен бөлісті.

Жуырда футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионаты бастау алған болатын. Ол жарыста «Qyzyljar» футбол клубы да бақ сынап жүр. Осыған орай жергілікті топ ойын алдында жанкүйерлерімен кездесу өткізіп, құрамаға жаңа спортшылар алғанын жариялады.

Али Алиев «Qyzyljar» ФК жаттықтырушысы:

– Жалпы, тобымызда 21 ойыншы мен 3 қақпашы бар. Олардың жартысы – “Қызылжар” клубының шәкірттері. Алдағы уақытта белгіленген міндеттерімізді орындап, облысымыздың намысын бар күшімізбен қорғаймыз.

Кездесуде жанкүйерлер сүйікті құрамасына қолдау көрсетіп, жеңіске жететінін болжауда. Команда капитаны- Эльдар Аитов. Ол жарыс алдындағы дайындықтарымен бөлісті.

Ильдар Аитов «Qyzyljar» ФК командасының капитаны:

– Біз кездесуге моральдық және физикалық тұрғыдан әзірленіп жатырмыз. Ойынға санаулы күн қалды. Жеңіске жетуге деген мүмкіндігіміз жоғары деп ойлаймыз. Қарсыласымыздың қақпасына 3 гол салып, жанкүйерлерімізді қуантамыз деп сенеміз.

Еске сала кетейік, жерлестеріміз чемпионаттағы алғашқы ойынын қызылордалық «Байқоңыр» құрамасымен өткізген болатын. Кездесу 2-де 2 есебімен аяқталып, жеңімпаз анықталмаған еді. Енді келесі матч сәуірдің 14-і күні «Қарасай» стадионында алматылық «Қайрат-Жастар» командасымен өтеді.

 

Маржан Қасымбек