МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Қала әкімі тағайындалды

Кезекті кадрлық тағайындау. Енді, Петропавл қаласы әкімінің қызметін Ғабит Мүсірепов ауданының бұрынғы басшысы Болат Жұмабеков атқарады. Бүгін атқамінерді шаһар активіне өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов таныстырып, жаңа жұмысында сәттілік тіледі. Сонымен қатар, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Тура сағат таңғы 9-да қалалық мәслихат депутаттарының кезекті сессиясы бастау алды. Жиынды өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов ашып, халық қалаулыларына облыс орталығының басшысы лауазымына Болат Жұмабековтың кандидатурасын ұсынды. Мұны жиналған қауым бірауыздан қолдап, өздерінің келісімдерін берді. Кейін, шаһар активімен кездесу өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Болат Серікұлын таныстыру қажет емес шығар. Барлықтарыңыз білесіздер, танисыздар. Қаланы басқарған кезінде. Сондықтан, өте тәжірибелі азамат деп есептеп, осы лауазымызға ұсындым.

Шынымен де Болат Жұмабеков көпшілікке жақсы таныс. Ол 2012-2013 жылдар аралығында Петропавл қаласы әкімі қызметін атқарды. Сол себепті, облыс орталығының тыныс-тіршілігін, күрделі проблемаларын бес саусағындай біледі. Енді осы өзекті мәселелерді шешу қажет. Бірінші кезекте іске білек сыбана кірісіп, өндіріске қарқын қосқан жөн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылы өңірдің өндіріс саласындағы көрсеткіш сәл төмендеді. Барлық атқарылған жұмыстың көлемі 98,5 пайызды құрады. Сондықтан, Болат Серікұлы бұл бағытқа қарқын қосу керек. Қаладағы кәсіпорындарды бақылауға алыңыз. Және бірқатар жобаларымызды да назарда ұстап, жүзеге асуын қадағалаңыз. Әрі тұралап қалған өндіріс ошақтарының тамырына қайтадан қан жүгірту қажет. Яғни, жаңадан зауыт салғанша, жұмысы тоқтап тұрғандарын іске қосқан жөн.

Осы орайда Құмар Ақсақалов қарапайым мысалды баян етті. Бұрындары қаламыздағы Калинин зауытының тұралап тұрғаны мәлім. Бүгінгі күні ірі өндіріс ошағының екінші тынысы ашылып, жаңғырту жұмыстары басталыпты. Мұның нәтижесінде аталған кәсіпорын аумағындағы 22 бірей нысан іске қосылмақ.
Құрылыс саласы да басты назарда болу шарт. Бұл бағытта Қызылжарда ауқымды шаруа атқарылып жатқаны белгілі. Мәселен, 2016 жылы 53 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріліпті. Ал былтыр аталған көрсеткіш 2,7 есеге артып 142 мыңды құраған көрінеді. Өңір жетекшісі Болат Жұмабековке осы қарқыннан таймай істі жалғастыруды және шеткері аудандарды дамытуды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қапай ауданында тұрғындардың тұрмысын жақсартуға ешқандай жағдай жасалмаған. Оны кеше өз көзіммен көрдім. Аталған кентті 3 сағат аралап жүріп, барлығын байқадым. Біз алдағы уақытта Қапайды дамытатын боламыз. Ол жаққа магистралдық көшелер салуды жоспарлап отырмыз. Болат Серікұлы, сіз осы және қаладағы басқа құрылыс жұмыстарын бақылағаныңыз жөн. Іске мемлекеттен бөлек, жекеменшік ақшаны да тарту амалдарын қарастырыңыз.

Жиында қала тұрғындарын үнемі толғандыратын жолаушылар тасымалы мәселесі де сөз болды. Облыс әкімі жақында Петропавлда “Еуро 5” стандартына сай келетін заманауи автобустардың сыналатындығын айтты. Егер де тестілеу ойдағыдай өтсе, жыл соңына дейін 30-50-ге дейін көлік лизингке алынады екен. Тағы, шара барысында Құмар Ақсақалов шаһар басшысына көгалдандыру, жерлестеріміздің жалақысын көтеру, апаттық үйлерді сүру жұмыстары бойынша тиісті тапсырмалар берді. Мұны Болат Жұмабеков орындауға дайын.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласы әкімі:

– Сіз жүктеген тапсырмалардың барлығын іске асырамыз. Қалалық активтің және тұрғандардың қолдаумен өзіме жүктелген міндетті орындауға білек сыбана кірісемін.

Кездесуде қаланың бұрынғы басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов те сөз алды.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Осы сәтті пайдалана отыра қалалық актив мүшелеріне, тұрғындарға алғысымды білдерімен. Біз ұзақ жылдар бойы бірлесе еңбек еттік. Белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Мұның бәрі – сіздердің арқаларыңыз, төккен маңдай терлеріңіз. Болат Жұмабековпен де осылай қоян-қолтық жұмыс істеп, биік белестерге жететіндеріңізге сенімдімін.

Кездесу соңында қалалық актив мүшелері жаңадан тағайындалған шаһар басшысына қызметте сәттілік тілеп, қолдау көрсететіндіктерін білдірді.

 

 

Култанов Байболат