Білім

13 мың оқушы шығарма жазды

Облыс бойынша бір мезетте 13 мыңға жуық оқушы шығарма жазды. Жеткіншектердің ой-толғауларының тақырыбы “Ұлы даланың жеті қырына” арналған. Шараға Гагарин атындағы №14 мектеп те белсене атсалысты.

«Ұлы даланың жеті қыры». 2018 жылы жарық көрген Тұңғыш президенттің мақаласымен барша қазақстандықтар танысып үлгерді. Оқушылар да қалыс қалған жоқ. Бүгін олар білген-түйгендері бойынша шығарма жазуда. Балалар 7 бағыттың бірін таңдап, өз ойларымен бөлісті.

Дарья Кормина – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:

– Мен «Ұлы Жібек жолы» тақырыбын таңдадым. Оның Қазақстанның тарихында алар орны өлшеусіз. Керуендік жол қалаларды дамытып, мемлекеттер арасындағы сауда-саттықты дамытты. Мен осыны негізге ала отыра оның маңызы жөнінде қалам тербедім.

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары қазақстандықтарды отансүйгіштікке баулып, патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған. Қазір бағдарлама негізінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, маңызды жобалар қолға алынуда.

Сәуле Кереева – СҚО бойынша «Рухани жаңғыру» жобалау офисінің менеджері:

– Осы 2 жыл ішінде өткізілген шаралардың саны емес, сапасы маңызды. Жиын мен отырыстар балаларға “Мен Отаным үшін не істей аламын?” деген ой салулары қажет.

Мұны 14-ші орта мектеп сәтті жүзеге асырып келеді. Бағдарламалық мақала аясында білім ұясының ұжымы «Ойқаланың жеті кереметі» атты жобаны әзірлепті. Мұғалімдер барлық архивтік құжаттар мен фотоларды көтеріп, ықшам ауданның тарихын жіті зерттеген. Мұнда Петропавл бекінісі салынып, ең алғашқы мұсылман мешіті бой көтерген болатын. Сондықтан, педагогтар жобаны 7 бағытқа бөлуді шешкен. Соның бірі «Есіл өзені – Ойқаланың табиғи шекарасы» деп аталады. Қазір тақырыппен квестке қатысушылар танысуда. Араларында өңір ұстаздары, білім басқармасының мамандары мен оқушылар бар. Оларға Қазақстандағы ең ұзын өзендердің бірі туралы толық мағлұмат берілуде. Кейін алған білімдерін олар тапсырманы орындау арқылы дәлелдеулері қажет. Бұл ретте арнайы компьютерлік ойын құрастырылыпты.

Никита Ращупкин – Ю.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:

– Мен квестке арналған ойын жасадым. Мұнда барлығы 11 сұрақ қойылады. Әрбір дұрыс жауап үшін қатысушыларға «балық сорпасын» пісіруге арналған заттар беріледі. Яғни, отын, от, балық пен картопты алуға болады. Нәтижесінде тапсырманы сәтті орындап шыққандарда тағам дайындалады.

Квест қатысушылардың көңілінен шығып жатыр. Осындай бастама арқылы Отанға деген патриоттық сезімді кішкентай кезден ұялатуға болады дейді келгендер.

Зәмзәгүл Тұрлыбаева – СҚО білім басқармасының маманы:

– Кіші Отанға деген махаббат осындай кішігірім шаралардың нәтижесінде пайда болады.

Тағы «Ойқаланың жеті кереметі» атты жобаға 100 есім, Қасым мешіті, Петр мен Павел әулиелер соборы және өзге де сәулеттік ғимараттардың тарихы енген.

Эльмира Садвокасова