Спорт

Әуесқой хоккейшілер арасында өткен турнир аяқталды

Әкім кубогы сарапқа салынған хоккей турнирі аяқталды. 4 айға созылған бәсекеге 8 әуесқой құрама қатысқан болатын. Кеше кешке олардың 2-еуі мұз айдынында сынға түсіп, чемпионды анықтады.

Бұл – әуесқой спортшылардың кездесуі. Облыс әкімінің кубогі сарапқа салынып жатқан тартыс 4 ай бұрын бастау алған. Міне, бүгін ойын соңына жеткелі отыр. Әр маусымдағы тынымсыз еңбектің арқасында қатысушылардың шеберлігі арта түсті. Бас жүлдені иелену үшін 8 құрама бақ сынасқан.

Борис Скатов, жарыстың бас хатшысы:

– 8 құраманы 2 топқа бөлдік. Сосын ойын барысында әрбіреуінен бір команда финалға шығып отырды. Ақтық сында құрамалар айналмалы жүйе бойынша ойнады. Желтоқсан айында басталған ойын сәуірде өз мәресіне жетті. Өйткені, біз кезеңдерді түрлі аудандарда өткіздік.

Жарыс нәтижесі бойынша 3-ші орын мен 100 мың теңгенің сертификаты Ғ.Мүсірепов ауданының хоккейшілеріне бұйырды. Күміс алқа мен 200 мың теңгені Қызылжар ауданынан келген спортшылар иеленді. Ал бас жүлде – әкім кубогы мен 300 мың теңгені петропавлдық ұжым қанжығаға басты. Қалалық құрама өткен жылы 2-ші орынмен ғана шектелген. Дегенмен, осы маусымға бар күштерін салып дайындалғандары көрініп тұр. Олар 5 жылдың ішінде 3 рет жеңіске жетіп отыр.

Владимир Василаш, Петропавл қаласы хоккей командасының капитаны:

– Барлық хоккейшілер мен жанкүйерлерді ойынның аяқталуымен құтықтаймын. Биыл 4 матч өткізіп, барлығында жеңіске жеттік. Қызылжар және Ғабит Мүсірепов аудандарының хоккейшілерімен болған ойын өте қиынға соқты. Келесі жылы да жүлделі орыннан көрінетінімізге сенімдімін.

Айта кетейік, спортшыларға берілген марапаттар осымен аяқталған жоқ. Ойын барысында судьялар мен жаттықтырушылар ең мықты хоккейшілерді таңдады. Өйткені, олар Солтүстік Қазақстанның намысын Көкшетауда өтетін халықаралық жарыста қорғайды. Онда жерлестеріміз басқа аймақтың ұжымдарымен және Ресейдің көрші облысының хоккейшілерімен сайысқа түседі. Чемпионат мамыр айында бастау алады.

Маржан Қасымбек