Балалар

Теріскейлік 26 оқушы “Жас кәсіпкерлер” клубын тәмамдады

Келешегін бизнеспен байланыстырғысы келетін ұл-қыздардың кезекті легі қолдарына құжаттарын алды. Бүгін қаламыздағы жас кәсіпкерлер клубын тәмамдаған 30-ға тарта мектеп оқушысына сертификаттар табысталды. Жерлестерімізге мұндай куәлік 8 айлық оқыту курстарынан соң беріліп отыр.

Жергілікті мектеп оқушыларын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту өткен жылдың қыркүйек айында басталыпты. Ол кезеңде 200-ге жуық ұл-қыз бизнестің қыр-сырын үйренуге ниет танытқан екен. Бірақ, уақыт өте қатысушы шәкірттердің саны қысқарады. Ақыры соңында курсты 26 жас тәмамдағалы отыр.

Елена Коняхина – СҚО Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері:

– Курс барысында балалар қалаған бизнес түрлерін кезең-кезеңімен талдадық. Елімізде жас кәсіпкерлерге жасалып жатқан жағайларды таразыладық. Және ақшаны тиімді жұмсауды, істегі кедергілерді анықтадық. Мұның бәрі болашағын бизнеспен байланыстыратын ұл-қыздарға қажет болады.

Бүгін көппен бірге курсты М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің шәкірті Дәмежан Мержан да аяқтап отыр. 15 жастағы қыз жас кәсіпкерлер клубында оқып жүргенде өзінің бизнес-жоспарын құрып қойыпты. Ол келешекте 18 жастан асқан жандарды журналистика негіздеріне баулығысы келеді.

Дәмежан Мержан – М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің оқушысы:

–  Болашақта журналистика агенттігін ашқым келеді. Осылайша өңірдегі қазақ журналистикасын дамытуды ойлап жүрмін. Ұжымға сапалы мұғалімдерді тартатын боламын. Олар сапалы кадрларды дайындайды.

Шара соңында дөңгелек үстел басына жиналған жастарға сертификаттар табысталды. Осы орайда айта кетейік, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнес негіздерін жеке пән ретінде барлық мектеп бағдарламасына енгізуді қалайды. Егер де бұл жоспар жүзеге аспаса мамандар қыркүйек айында тағы да оқушыларды жинап, курсты бастамақ.

Байболат Бектемірұлы