МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Кадрлық ауыс-түйіс

Кадрлық ауыс-түйіс. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ауысты. Осы лауазымда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келген Артур Молдағұлов еңбек жолын мемлекеттік қызметте жалғастыратын болады. Ал оның орнына Петропавл қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Евгений Глотов тағайындалды.

Артур Молдағұлов бас партияның жергілікті филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінде 2013 жылдан бері еңбектенген. Осы аралықта ол нұротандықтармен бірлесіп бірқатар шаруа тындырды. Партияның дамуына қосқан үлесі де өлшеусіз. Енді азамат еңбек жолын мемлекеттік қызметте жалғастырмақ ниетте.

Артур Молдағұлов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының экс-бірінші орынбасары:

– Алдымен бірнеше жыл бойы қоян-қолтық жұмыс атқарған әріптестеріме алғысымды білдіремін. Партия Елбасының сарабдал саясаты мен кез келген тапсырмасын атқаруға толығымен дайын. Тұңғыш Президентіміз атап өткендей, Солтүстік Қазақстан облысы әрдайым мемлекеттің берік тірегі болып қала бермек.

Евгений Глотовты да көпшілік жақсы таниды. Себебі, ол соңғы 2,5 жыл бойы Петропавл қаласы әкімінің орынбасары қызметінде еңбектенді. Енді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалуда. Азамат заңгер мамандығы бойынша Л.Гумилев атындағы ЕҰУ тәмамдап, кейін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алған. Еңбек жолын ол 2006 жылы бастапты. Алдымен Қазақстан жастар конгресі жобаларының менеджері болған ол кейін де бірқатар қоғамдық шаруаларға араласқан.

Құмар Ақсақалов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

–  Облыстық әкімдікте жұмыс істеді, басқарма басшысы болды. 2,5 жыл қала әкімінің орынбасары болды. Мен осы 2 жылдың ішінде оның жұмысын бақылап, аталған лауазымға лайық деп таптым. Жаңа жұмыста сәттілік тілеймін.

Евгений Глотовқа жүктеліп отырған міндет салмақты. Бас партияның жұмысын жалғастырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту қажет. Жас болса да, бас бола білген азамат істі жауапкершілікпен атқаруға дайын.

Евгений Глотов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасы басқарып отырған бас партияда жұмыс істеу – мен үшін өте жауапты іс. Бар білімім мен тәжірибемді қоланып, сеніміңізді ақтауға тырысамын. Ең бастысы халыққа адал қызмет етіп, ел игілігі үшін еңбек етемін.

Сәуірдің 23-і барша нұротандықтар үшін маңызды жиын өтеді. Елордамызда бас партияның мүшелері бас қосып, елбасы сайлауына үміткерді таңдамақ. Шараға жергілікті филиал өкілдері де қатысады. Бұл маңызды істердің тек бір парасы ғана. Өңірде әлі атқарылуы тиіс шаруа мол. Қазір аймақтағы 342 көпбалалы жанұя жеке баспанаға мұқтаж. Биыл бұл ретте 93 пәтер қолданысқа беріледі. Ал алдағы екі жыл ішінде мәселе түбегейлі түрде шешімін таппақ. Жаңашылдықтар денсаулық сақтау саласында да орын алмақ.

Құмар Ақсақалов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру 40-тан 60 процентке артып, 10 млрд теңгені құрайтын болады. Дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтып, қызметті тұрғындарға қолжетімді ету үшін Жас өркен, Береке мен Ойқала ықшам аудандарында отбасылық-дәрігерлік емханалар ашылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт қолданысқа тапсырылады. Денсаулық сақтау саласындағы 12 мың адамның жалақысы 30 процентке өсіріледі. Санитарлардың айлығы 48-ден 64 мыңға дейін, мейірбикелердікі 76-дан 100 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Сондай-ақ, білім беру саласында жұмыс істеп жүрген 14 мың психолог, әдіскер мен тәрбиешілердің де еңбекақысы артады. 10 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. Мұндай шара соңғы рет осыдан 5 жыл бұрын жүргізілген болатын. Аталған мақсатқа 300 млн теңге бөлініпті. Ал енді “Жас маман” жобасының аясында әр оқу ордасына 350 млн теңгеден жұмсалмақ. Ауылдағы ағайын да назардан тыс қалмайды. 32 елді мекендегі орталықтандырылған су жүйесі жақсартылып, өңір бойынша 705 шақырым жол жөндеуден өтеді. Шаруаның барлығы жіті бақылауда болады.

Эльмира Сәдуақасова