Білім

“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласына – 2 жыл

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласының жарық көргеніне сәуірдің 12-сінде 2 жыл толады. Осыған орай қаламыздағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде тарихи-танымдық іс-шара өтті. Жиынға қатысушылар маңызды құжаттың әр бағытына тоқталып, атқарылған шаруа жайын пысықтады.

Осыдан 2 жыл бұрын 12-ші сәуірде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы жарық көрді. Сол маңызды құжатта “Қазақ еліне мың алғыс” атты жоба бар. Осы бағытта қандай шаруа атқарылды? Мұны №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешеніне жиналған жұртшылық талқылап жатыр. Бұл түсінікті де. Себебі, аталған білім ордасында түрлі ұлт өкілі оқитыны белгілі.

Ләззат Жалмұқанова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Біздің мектепте 20-дан аса этнос пен ұлт өкілі оқиды. Олардың 9-ы өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін арнайы құрылған бөлімдерде меңгеріп жүр. Шәкірттеріміз жасалған мұндай мүмкіндіктерге дән риза. Осы үшін үнемі алғыстарын жаудырып жатады.

Мектеп қабырғасында ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрін меңгеріп жүргендердің бірі – Дарья Коппель. Бір кездері неміс қызының атасы мен әжесі қазақ жеріне депортацияланыпты. Оларды жергілікті тұрғындар бауырына басып, қамқорлыққа алған екен. Мұны оқушы жақсы біледі.

Дарья Коппель – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мен Қазақстанды өзімнің Отаным деп санаймын. Осы жерде туылдық, өстік. Енді міне оқып жатырмыз. Өзім 5 жылдан бері мектептегі неміс тілі бөліміне барамын. Соның арқасында ана тілімді үйреніп те алдым. Ал кең пейіл қазақ халқына мың алғыс. Олар қуғындалған ұлт өкілдерін аман алып қалды.

Мұндағы оқушылар қазақ тілін де біледі. Олар қазақша емін-еркін сөйлейді, ойларын ашық айтады.

Кристина Масленникова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Біз үйде украинша көп сөйлеспейміз. Ал мектепте тілді үйренеміз. Бұған қуаныштымын. Болашақта Украинаға барып, сол жақта оқығым келеді.

Негізі, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы 6 бағыттан тұрады. Оның бірі – сананың ашықтығы. Яғни, өзге елдерден қажетті дүниелерді үйрену болып табылады. Тағы прагматизм, өздеріне қажет істі бала күннен меңгеру. Өңірімізде осы және өзге де бағыттарда қызу жұмыс жүргізіліп жатқандығын айта кетейік.

Сәуле Кереева – СҚО бойынша «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау офисінің менеджері:

– Бәсекеге қабілетті болу – әр оқушының міндеті. Себебі, бүгінгі оқушылардың қолында – еліміздің келешегі. Одан бөлек, білім беру бағытында да жұмыстар атқарудамыз.

Жалпы, өңіріміздің барлық мектептерінде алдағы бір апта бойы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы талқыланып, атқарылған жұмыстар пысықталмақ.

Байболат Бектемірұлы