МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавлда 3400 түп көшет отырғызылмақ

Сәуір айының соңында Петропавлды абаттандыру шаралары бастау алмақ. Биыл шаһар аумағында 3400 түп көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылдан біршама көп екен. Алайда, былтырғы шыршалардың дені бүгінде қурап қалып жатыр. Сол себепті, мамандар осы жолы қылқан жапырақтылардан өзге / ағаштың басқа да түрлерін екпекші.

Бұл – бұрынғы “Мир”, қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев көшесі. Оның өне бойындағы ескі теректердің орнын былтыр шырша көшеттері басқан болатын. Бүгінде қылқан жапырақтылар жайқалып, бой көтеріп келеді. Ал бірнеше жылдан соң одан да биіктей түсіп, көшеге көрік сыйламақ. Алғашында ескі ағаштарды кесуге қарсы болған қалалықтар бүгінде мұндай әдемілікке дән риза. Алайда, бұл әдемілік кей аудандарда байқалмайды да.

Саят Ермек – тілші:

– Мысалы, Уәлиханов көшесінің бойындағы жағдай мүлдем басқаша. Мұнда былтыр отырғызылған жасыл желек бүгінде жайқалып тұрған жоқ. Оларды жасыл деп атаудың өзі қиын. Кей қарағайлардың қылқандары шаңның әсерінен қарайған, кейбірінікі сарғайған, ал үшіншілері, тіпті түсіп қалған.

Сондықтан, “Тікен, тікен, тік пісте, қысы-жазы бір түсте” деген әйгілі жұмбаққа бұл шыршалар жауап бола алмайды. Күтімнің жоқтығына да шағымдана алмайсың. Себебі, аптасына бір рет “Коммунхоз” серіктестігінің жұмысшылары оларды тыңайтады, екі рет суарады. Кей көшеттерге бұның көмегі тиіп жатыр, ал екіншілері майысқан, қураған қалпы тұр. Неге екені белгісіз! Негізі, 2018 жылы Петропавлды көгалдандыруға қатты көңіл бөлінді. Шаһар бойынша шамамен 2600 ағаш көшеті, 8500 метр бұталы қоршау жасалды. Олардың 85 проценті қалыпты өсіп келе жатса, қалғаны тамыр тартпаған.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– 15 пайызы жерсінбеді. Басым бөлігі қарағай көшеттері. Оларды қайта отырғызамыз. Ағаштарды “Ер агро” және “Кондратов” ЖШС тәлімбақтары мен қаланың шеткері аудандарынан аламыз. Биылғы жылы 3400 ағаш пен 6000 метр бұталы қоршау отырғызу көзделген.

Яғни, биылғы жылы отырғызылатын ағаштардың саны былтырғыға қарағанда арта түседі, ал ұсқынсыз шыршалардың орнын жаңалары баспақ. Көгалдандыру жұмыстары көкек айының соңында басталады. Бұл жолы тек шыршаларға ғана басымдық берілмейді. Қала бойынша шетен, мамығы жоқ пирамида тәрізді теректер, мамыргүл, қайың және үйеңкі ағаштары көптеп отырғызылмақ. Ал жабайы алма, көріктал мен ырғай ағаштарын бұталы қоршау ретінде егу көзделіп отыр. Осылайша, “жасыл қала” аталып кеткен Петропавл одан да әдемілене түспек.

Саят Ермек